Сенат жанындағы Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі басталды

331

Жаңа кезеңдегі оқыту бағдарламасы Қазақстанның орнықты дамуы тақырыбына арналып отыр.

Сенат жанындағы Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі басталды Фото: senate.parlam.kz

 

Бүгін Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының​ Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қоғамдық жоба барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушыларға өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, алдағы уақытта жоба аясында қазақстандық және шетелдік белгілі сарапшылар да дәріс оқиды.

Мектептің үшінші кезеңіне қатысушылармен кездескен Сенат Спикері бұл қоғамдық жоба мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда және басқа да салаларда жұмыс істейтін жас мамандардың аналитикалық қабілетін жетілдіруді көздейтінін атап өтті.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз ісіне шебер кәсіби мамандардың жаңа шоғырын қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Осыған орай біз "Талдау мектебі" жобасы арқылы аталған стратегиялық міндетті іске асыруға өз үлесімізді қосуды ұйғардық. Қазіргі таңда елімізде аналитикалық қабілеті жоғары, білікті мамандар даярлайтын арнайы жүйе жоқ. Көбіне, бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп, тиісті деңгейде тиімділігін көрсете алмай келеді. Сондықтан біз кәсіби сарапшыларды шақырып, оларға жас әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісуіне мүмкіндік беретін алаң құрдық", – деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы үшінші кезеңге қатысуға ниет білдірген 400-ден астам өтінім келіп түсті. Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау нәтижесінде 60 адамды іріктеп алды. Олар – аналитикалық құрылымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, ғылыми-зерттеу институттарында және басқа да түрлі салаларда тәжірибесі бар, сондай-ақ, PhD ғылыми дәрежесіне ие мамандар.

Сенат Төрағасының дәрісі "Мемлекеттік басқарудағы орнықты дамуды көздейтін аналитика" тақырыбына арналды. Спикер өз сөзінде бүгінде мемлекеттік, діни, саяси сияқты түрлі институттардың ықпалы мен беделінің төмендеу үрдісіне назар аударды. Мәулен Әшімбаев оның орнына бүкіл әлемде популистік қозғалыстардың ықпалы артып, олар көбіне күн тәртібін қалыптастыратын негізгі факторларға айналғанын да атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу