Шымкентте көне көліктер фестивалі өтті

737

Шымкентте көне көліктер фестивалі өтті

Шымкенттегі орталық алаңда көне көліктер көрмесі өтті, деп хабарлайды otyrar.kz.

Қалалық әкімшілік пен "Координатор" ЖШС-і ұйымдастырған шараға арысы Өзбекстан, берісі Тараз қалаларынан автоәуесқойлар арнайы келіп қатысты. Көліктердің басым бөлігінің ескі нұсқасы сақталынып, жаңартылған.

Тараз қаласынан келген Марат Есқожаевтың "Фиат Балила 508" көлігін қызықтаушылар көп болды. Кеңес кезеңін еске түсіретін көлік қаншама уақыт өтсе де әлі өңін жоғалтпаған. 

Егесінің айтуынша көлігін "Жат" фильміне түсіру үшін аттай қалап алдырған екен. Көлік иесі Есқожаев нағыз автоәуесқойдың өзі. Бұл көлікті 2010 жылы сатып алыпты. Жинауға 5 жыл уақытын жұмсапты. Кеткен шығынды есептемеппін дейді өзі. 

Көлік егесінің өзі де ретро стильде киінген. Баста шляпа, 30 — шы жыл стильіндегі көстөм шалбар. Аяқта Чарли Чаплиннің заманын еске түсіретін ақ, қара түсті туфли. Көлігінің заманымен үндесіп тұр. Көлікті 1932 жылы шығарылған деуге қимайсың. Тараздық кәсіпкер бұдан басқа көне "Запарожец", "Москич" көліктері бар екендігін айтты.

"Бұл көлікті 2010 жылы сатып алдым. Өзім құрастырып шықтым. Трассадағы жылдамдығы сағатына 60/70-ті құрайды. "Фиат Балила 508" Италияда шығарылған. Балиланы италян тілінен қазақшаға аударғанда оқ деген мағынаны білдіреді. Оқтай зулаған жүрісі де жайлы. Көрмеге екінші рет келіп отырмын. Алматы, Бішкектегі ретрофестивальге қатыстық. Барлық байқаудан бірінші орын алып жатырмыз",-  дейді мақтанышпен.

Өзбекстандықтар да өз елдерінен ең көне көліктерін тізгіндей келіпті. 

"Елімізде арнайы көне көліктер автоәуесқойларының клубын ашқанбыз. Клубымызда 60 автокөлік бар. Өте сирек кездесетін 40 мотоцикл де бар. Клубымыздағы ең жаңа көлік 1987 жылғы "Янгтайме Шевроле Камаро". Ал ең ескісі "Мерседес бенц 180" 1938 жылы шығарылған. 1930 жылғыдан бастап 1980 жылғы көліктерге дейін бар. Бүгінгі күні клубымызға 70 адам мүше. Біз үнемі көрме өткізіп тұрамыз. Бүгінгі көрмеге 7 автокөлік әкеліп отырмыз. Оның ең ескісі 1953 жылғы "Победа Кабриолет". Олардың арасында "Волга" да бар, "Москвич" те бар. Өзбекстанда әр жыл сайын ретокөліктер көрмесін өткіземіз. Ташкент- Самарқан автожарысын өткізіп тұрамыз. Бүгінгі ретро-фестивальді ұйымдастырушыларға рахмет айтамыз. Алдағы уақытта Алматы қаласына дейін автожарыс ұйымдастыратын жобаны жоспарлап отырмыз", - дейді Өзбекстандық делегацияны бастап келген Батыр Азимов.

Ерекше көне көліктер фестивалі келесі жылы да жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар оған әзірлік әзірден-ақ басталып кетті дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу