Шымкентте В. Почивалов атындағы мергендер додасы аяқталды

440

Шымкентте КСРО спорт шебері Владимир Почиваловты еске алуға арналған турнир 29-рет жалауын желбіретті.

Шымкентте В. Почивалов атындағы мергендер додасы аяқталды

20-30 қазан аралығында өткен мергендер додасының биылғы форматы бөлек. Ғаламдық пандемияға байланысты аталған сын алғаш рет онлайн түрде ұйымдастырылды. Онлайн жарысқа әлемнің 20 мемлекетінен спортшылар қатысқан. Олардың қатарында Қазақстан командасының мүшелері де бар, деп хабарлайды Olympic.kz.

Владимир Почиваловты еске алуға арналған турнир 2018 жылдан бері Халықаралық спорттық ату федерациясының жарыс күнтізбесіне енген. Ал онлайн додада биыл Қазақстан, Италия, Армения, Германия, Израиль, Бангладеш, Бутан, Катар, Иран, АҚШ, Индонезия, Ресей, Беларусь, Кувейт, Ливан, БАӘ, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан жүзге жуық спортшы бақ сынады. 

Соңғы жарыс күнінде қазақстандықтар бірнеше алтын жүлдені ел қоржынына салды. Атап айтар болсақ, Александра Малиновская 60 метрге жатып нысана көздеуден жеңімпаз атанса, тапаншадан еркін бағдарламада Иван Литвиненко топ жарды. Сондай-ақ, Андрей Худяков пен Фатима Ирназарова жылжымалы нысананы көздеуден бірінші орын иеленсе, жылдам тапанша бойынша Никита Чирюкинге тең келер ешкім болмады. 

Нысана көздеуден Қазақстан командасының бас бапкері Ольга Довгунның пікірінше, биылғы бәсеке жылдағыдан әлдеқайда өзгеше өткен. Әсіресе, жарыстың онлайн форматта ұйымдастырылуы мергендер үшін алғашында ыңғайсыз саналған екен. 

"Владимир Почиваловты еске алуға арналған турнирді абыроймен атқардық. Қазақстан командасының қоржыны толы. Иә, бұл жарыс бұрынғыдай емес. Бізге үйреншікті жағдайда өткен жоқ. Бірақ бірнеше айға созылған үзіліс бұлай жалғаса берсе де, бізге тиімсіз еді. Онлайн форматта болса да жарысқа қатысқанымыз қуантады. Спортшылардың да қуанышында шек жоқ. Барлығы командаластары мен жарыс атмосферасын сағынып қалған. Жарыс нәтижесін электронды нысаналар арқылы анықтап отырдық. Шетелдік қатысушылардың барлығы өз көрсеткіштерін турнирдің ортақ базасына тіркеп отырды. Жалпы алғанда, бұл бәсеке арқылы спортшылардың қазіргі бабын анықтадық. Көпшілігі жақсы формада екенін көрсетті, жаңадан бой көтерген жас спортшылардың жетістігі де қуантты. Жастардың басым көпшілігі жүлделі орынға ие болмаса да, өз әлеуеттеріне сай нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама көшбасшыларының көрсеткіштері де көңілден шығады. Карантиннен кейін бұл бәсеке бізді бір серпілтіп тастады", – дейді Довгун. 

В. Почивалов турнирінде топ жарған Иван Литвиненконың айтуынша, АҚШ, Иран және Германия сынды мықты команда өкілдерімен бірге бақ сынап, жүлделі орын алу спортшыларды одан әрі жігерлендіре түседі. 

"Негізі, кез келген турнирде жеңіске жету үлкен қуаныш сыйлайды. Ал әлемнің үздіктері қатысқан халықаралық турнирде топ жарғанның әсері тым ерекше. Мұндай жеңістен шын мәнінде ләззат аласың. В. Почиваловты еске алуға арналған турнирдің тарихы тым әріде жатыр. Бұл дода республикалық деңгейден әлдеқайда асып кеткен.  Халықаралық аренаға жол тартқан жарысты әлемдік федерация өз күнтізбесіне енгізіп, жыл сайын бірнеше мемлекет мергендері Почивалов жүлдесіне таласады. Осындай бәсекеде бірінші орын алып, жеңіске жеткенім үшін қуаныштымын. Шетелдерден бөлек, Қазақстаннан да мықты мергендер қатысты", – дейді Литвиненко. 

Бүгінде нысана көздеуден Қазақстан командасы өз аймақтарында дайындалып жатыр. 

"Жалпы жаттығу жиыны 9-22 желтоқсан күндері "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығында өтеді. Біз ұзақ үзілістен кейінгі басқосуда спортшылардың физикалық дайындығын жақсартуға көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, команда мүшелерінің денсаулығына да көңіл бөліп, медициналық тексеруден өтеміз. Келесі маусымға тас-түйін дайын болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынымыз анық", – дейді бас бапкер Ольга Довгун. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу