СҚО ауыл тұрғындарының 39,8%-ының ғана үйлеріне су келіп тұр – сенатор

287

Аймақтағы топтық су құрылысы желісінің 63%-ының әбден тозығы жеткен.

СҚО ауыл тұрғындарының 39,8%-ының ғана үйлеріне су келіп тұр – сенатор Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Сенат депутаты Әсем Рахметова өзінің депутаттық сауалында айтты.

"Бүгінгі таңда облыста су инфрақұрылымы мүмкіндіктері шегінде жұмыс істеп тұр. СҚО-да топтық су құрылысының желісі еліміздегі ең ұзыны, ол 3 мың шақырымнан асады. Оның 2 мың шақырымнан астамы, яғни 63 пайызының әбден тозығы жеткен. Өңір ауыз сумен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша елімізде 16-орында, яғни ауыл тұрғындарының 39,8 пайызының ғана үйлеріне су келіп тұр", - деді сенатор.

Ол мәселені оң шешуге кедергі келтіріп отырған бірнеше фаткорды атады.

"Соның негізгісі – бірқатар топтық су желілерінің құрылысының ұзаққа созылуы. Мысалы, Преснов топтық су желісін қайта құру жобасы, 14 елдімекен мен 1 қалаға су жеткізуді көздеген жоба осыдан 9 жыл бұрын қолға алынған. Осы уақыт ішінде жұмыстың 56 пайызы орындалды. Келесі жылы жұмысты жалғастыру үшін 1 млрд теңге қаржы қажет, әзірге қарастырылмаған", - деді Сенат депутаты. 

Аймақтағы Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру бойынша да осындай мәселелер бар.

"Жалпы бұл жобалардың бірнеше рет жобалық-сметалық құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті, "Қазсушар" РМК, "Нұра топтық су құбыры" РМК жобаларды уақтылы қайта қарау, түзету, оларды сараптамаға жіберу және одан әрі іске асыру жөнінде уақытылы шаралар қолданбаған. Жауапсыз мердігерлер, бірнеше жылдарға созылған сот процестері аса маңызды жобалардың жүзеге асырылуын созып жіберген", - деді Әсем Рахметова.

Депутат осы проблемаларды шешу үшін СҚО-ның Преснов, Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру бойынша Премьер-Министрден шұғыл шаралар қабылдау мәселесін қарауды ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу