СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды

1017

СҚО-ның бірқатар ауданынан құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін шығаруға уақытша шектеулер енгізілді.

СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылды

Солтүстік Қазақстан облысында жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында кешенді шаралар қабылдануда: вакциналар алынды, індет тіркелген аумақтар залалсыздандырылуда, құстардың өлекселері жойылуда, құс шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев) биылғы жылдың 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді. Ұлттық анықтамалық орталық қанаттылардың қырылуының себебі жоғары патогенді құс тұмауы екенін анықтаған. 

"Қабылданған ережелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршуі туралы хабарлады. Елдегі эпидемиялық жағдайды шұғыл қалпына келтіру және құс тұмауының таралып кетпеуіне жол бермеу мақсатында ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылғы 17 қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев ауданынан тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеулер енгізді", – деп жазылған хабарламада.

Аса қауіпті ауруды жою үшін ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті ісшаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.

Ведомствоның хабарлауынша, Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінген.

"Арнайы комиссияның шешімімен ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлейді. Өңірдің эпизоотиялық жағдайы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында", – деп жазылған хабарламада.

Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың 26 тамызында ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясының Омбы облысынан құс тұмауының жоғары патогенді вирусының өршуіне байланысты тірі құстарды, құс шаруашылығы өнімдерін және ілеспе тауарларды Қазақстанға алып келуге шектеу енгізген болатын. Алайда, мамандар мен ғалымдардың пікірінше, жоғары патогенді құс тұмауының таралуының қоздырғышы тек көрсетілген тауарлардың санаттары арқылы ғана емес, сонымен қатар жабайы қоныс аударатын құстардан да таралуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу