Су басқан аймақтарға Air Astana 75 тонна гуманитарлық жүкті тегін тасымалдады

120

Мұндай салмақты тасымалдау құны 34 миллион теңгеге парапар. 

Су басқан аймақтарға Air Astana 75 тонна гуманитарлық жүкті тегін тасымалдады Фото: AirAstana

Су тасқыны дағдарысы басталғаннан бері Air Astana мен FlyArystan зілзала аймағына 75 тонна гуманитарлық жүкті тегін тасымалдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұндай салмақты тасымалдау құны 34 миллион теңгеге парапар. Жүк ішіне азық-түлік, киім, гигиеналық құралдар, тұрмыстық тауарлар, моторлы қайықтар және басқа да қажетті заттар кіреді. Жіберушілер арасында қайырымдылық қорлары мен қауымдастықтар, сондай-ақ коммерциялық ұйымдар бар. Гуманитарлық көмек Air Astana және FlyArystan ұшағымен Алматы мен Астанадан Атырау, Ақтау және Оралға жеткізілді.

"Авиабилеттерге сұраныстың ұлғаюына жауап ретінде Air Astana және FlyArystan бірлесіп 8 сәуір мен 21 сәуір аралығында Атыраудан 41 қосымша рейс ашты. Тұрақты рейстермен бірге осы кезеңдегі рейстер саны 30%-ға артып, шамамен 23 мың отандасымызға Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкентке кешеуілдемей ұшуға мүмкіндік берді.  

Бұл ретте Air Astana және FlyArystan тікелей рейстерінің тарифтері көтерілмей ғана қоймай, 13 сәуір мен 24 сәуір аралығында Атыраудан эконом-класс билеттерінің құны бір жаққа 40 мың теңгеге дейін төмендетілді. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін екі әуекомпания да жолаушыларға 30 сәуірге дейінгі рейстерге айыппұлсыз билеттерді қайтаруға немесе 21 мамырға дейінгі баламалы рейстерге қайта брондауға рұқсат етті", - делінген компания хабарламасында.

Бұған дейін Air Astana тобы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Samruk Kazyna Trust қорына 1 миллиард теңге аударған болатын. Қосымша ретінде әуекомпаниялардың қызметкерлері қаражат пен ең қажетті заттарды жинап, су басқан аймақтардағы мұқтаж жандарға тарату үшін Qamqor Charity қоғамдық қорына тапсырды. Сонымен қатар, Air Astana еріктілері Атырау мен Ақтауда апаттық-құтқару жұмыстарына қатысуда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу