"Баланы алып қою" деген атымен жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елді алаңдатқан ақпаратқа байланысты осындай түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұған дейін "үйі мен көлігі жоқ ата-аналардың балаларын алып қояды екен" деген хабарлама тараған. Оған отбасының әл-ауқатын анықтауға арналған жаңа әдістеменің жобасы түрткі болған. Министр "ол құжатты халықаралық әдістеменің негізінде дайындадық" деп отыр.
"Бүкіл дүниежүзінде бір методика. Мен ойлап отырмын, орыс тіліне аударған кезде бәлки біздікілер дұрыс емес жазған болуы керек. Ол жерде -50/+50 деген нәрсе жоқ. Ол жерде 81 көрсеткіштің әрқайсысына берілетін балл бар. Методиканы аудармашылармен тағы бір қарайық. "Баланы алып қою, баланы беріп қою" деген жоқ ол жерде", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Тамара Дүйсенова айтып отырған бал отбасының цифрлық картасында көрсетілмек. Жыл басынан қолданысқа енгізілген жоба аясында барлық базадағы деректер бір ортаға жинақталып, қазір соларды сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр екен.
Атап айтқанда, осы картаның арқасында 20 мыңнан астам отбасының баласын балабақшаға беруге қаражаты жоқ екені анықталыпты. Халықтың әл-ауқатын анықтауға мүмкіндік беретін жүйе арқылы жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек сияқты төлемдер де автоматты түрде тағайындалады. Ол үшін ұялы телефонға келген хабарламада келісім беретініңізді растауыңыз керек. Ал ондай хабарламаға сенбесеңіз, әдеттегідей, Халыққа қызмет көрсету орталығына баруыңызға болады.