"Тиімсіз әрі ескірген тәсіл": Мемлекет басшысы білім ордаларының кемшім тұстарын атады

107

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты.

"Тиімсіз әрі ескірген тәсіл": Мемлекет басшысы білім ордаларының кемшім тұстарын атады Фото: Ақорда

"Университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек.

Жоғары оқу орындарының кемшім тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді.

Жалпы университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы "Бюджет кодексіндегі "грант" ұғымының аясын кеңейту қажеттілігін айтты. 

"Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек.

Жалпы еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті. Осы орайда менің тапсырмаммен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады.

Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажет", - деді Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу