Газадағы Бейбітшілік кеңесіне үш жылдан ұзақ мүше болуды қалайтын елдер 1 миллиард доллар көлемінде жарна төлеуі қажет. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі осындай ұсыныс тастады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасап.
"Әрбір мүше мемлекет үш жылға сайланады, бұл мерзімді төрағаның шешімімен ұзарта алады. Бейбітшілік кеңесіне қолма-қол 1 миллиард доллардан астам қаржы салған елдер үшін үш жылдық мерзім талабы қолданылмайды", – делінген ұйым жарғысының жобасында.
Құжат жобасына сәйкес, АҚШ президенті құрылатын кеңестің алғашқы төрағасы болады. Ол ұйым құрамына қай елдердің мүше болатынын белгілейді.
Bloomberg жазуынша, қабылданған шешімдер көпшілік дауыспен қабылданады, әрбір қатысушы мүше мемлекет бір дауысқа ие. Бірақ та, төраға шешімді мақұлдауы тиіс.
Бұған дейін Газа секторында Бейбітшілік кеңесі құрылатыны белгілі болды. Ақ үйдің хабарлауынша, кеңес құрамына АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, АҚШ президентінің күйеу баласы әрі инвестор Джаред Кушнер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, Дүниежүзілік банк басшысы Ажай Банга және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Роберт Гэбриел енді.
Айта кету керек, бұған дейін Дональд Трамп Газа секторына қатысты сүйінші жаңалық айтқанын жазғанбыз.