АҚШ президенті Дональд Трамп Канада америкалық Gulfstream ұшақтарын өз нарығына кіргізбесе, канадалық ұшақтарға 50 пайыздық тариф енгізетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады. Ол Канаданы америкалық Gulfstream ұшақтарын сатуға тыйым салды деп айыптап отыр. Ахуал реттелмеген жағдайда, 50 пайыздық баж салығын енгізетінін айтып сес көрсетті.
"Канада Gulfstream 500, 600, 700 және 800 ұшақтарын заңсыз әрі негізсіз сертификаттаудан бас тартып отыр. Осыған байланысты біз Gulfstream толық сертификаттаудан өтпейінше, олардың Bombardier Global Express ұшақтарының және Канадада шығарылған барлық ұшақтардың сертификатын жоямыз", – деп жазды Дональд Трамп.
Bloomberg агенттігі тиісті шешім канадалық Bombardier ұшақтарын пайдаланатын АҚШ-тың әуе тасымалдаушыларына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін жазады. Bombardier компаниясының АҚШ-тың 47 штатында 2800-ден астам жеткізушісі бар. 2024 жылғы сатылымның 64 пайызы америкалық нарыққа тиесілі болған.
"Егер бұл жағдай шұғыл түзетілмесе, мен Канададан АҚШ-қа сатылатын барлық ұшақтарға 50 пайыздық кедендік баж салығын енгіземін", – деп атап өтті Трамп.
Gulfstream Aerospace – іскерлік реактивті ұшақтар шығаратын америкалық корпорация. Қазір компания G280, G400, Gulfstream G500, G600, сондай-ақ Gulfstream G650, G700 және G800 үлгілерін өндіреді.
Bombardier Inc. – бизнес-джеттер шығарумен айналысатын канадалық компания. Кәсіпорын корпоративтік реактивті ұшақтардың Global сериясы мен Challenger сериясын шығарады.
Айта кету керек, бұған дейін Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерге тариф енгізетінін ескерткенін жазғанбыз.