АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге де, Украинаға да көңілі толмай жүр. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Трамп кездесу үшін өткізілетін кездесулерден шаршады. Ол енді бос әңгімеден гөрі нақты әрекетті көргісі келеді. Бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Соңғы бірнеше аптада ғана АҚШ әкімшілігі ресейліктермен, украиндармен және еуропалықтармен кездесулер мен келіссөздерге 30 сағаттан астам уақытын кетірді", – деді Ливитт.
Вашингтон Мәскеу және Киевпен бірге жұмысты жалғастырып жатқаны айтылды.
13 желтоқсан күні Парижде Германия, Ұлыбритания, Франция және Украина өкілдері кездеседі. Кэролайн Ливитт бұл іс-шараға АҚШ қатысуы мүмкін бе деген сұраққа тұшымды жауап бермеді.
"Бейбіт келісімге қол қоюдың нақты мүмкіндігі болса, бұл кездесулерге жұмсалған уақытты дұрыс деп тапсақ, онда біз өз өкілімізді жібереміз", – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Владимир Зеленский аумақтық мәселеде шешуші сөз кімде болатынын айтқанын жазғанбыз. Украина басшысы соғыс жағдайында сайлау өткізуге дайын.