Түркістанда әйелін психиатриялық орталыққа мәжбүрлеп орналастырған ер адам мен оның екі досына қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түркістан қаласының ауданаралық соты бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған Д., Ю. және М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу органымен Д.-ға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау (ҚК 125-бабы 2-бөлігі 1) тармағы), психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру (ҚК 127-бабы 1-бөлігі) және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау (ҚК 287-бабы 3-бөлігі) айыптары тағылған.
Ал Ю. мен М.-ға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау (ҚК 125-бабы 2-бөлігі 1) тармағы және психиатриялық стационарға заңсыз орналастыруға жәрдемдесу (ҚК 28-бабы 5-бөлігі – 127-бабы 1-бөлігі) бойынша айып тағылды.
Сотпен анықталғандай, әйелдің күйеуі сотталушы Д. Түркістандағы базарлардың бірінің аумағынан тауып алған атыс қаруына арналған 16 дана оқ дәрілерді өз үйінде заңсыз сақтаған. Жұбайы И.-мен туындаған отбасылық жанжал салдарынан сотталушыда оны психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру туралы қылмыстық ниет пайда болған.
Өз жоспарын жүзеге асыру үшін ол 2 танысымен алдын ала сөз байласқан. Сотталушылар жәбірленушінің қарсылығын басып, қол-аяғын скотчпен байлап, күштеп Шымкент қаласындағы Облыстық психикалық денсаулық орталығы жеткізіп, сол жерде сотталушы Д. тиісті медициналық құжаттарға қол қою арқылы жәбірленушіні мекемеге заңсыз орналастырған.
"Сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Д.-ға түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ю. және М.-ге әрқайсысы 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Моральдық зиянды өтеу есебінде сотталған Д.-дан жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге, ал Ю. және М.-дан әрқайсысынан 3 млн теңгеден өндірілді", – деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.