Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасаған жігіт – осы мектептің бұрынғы оқушысы, шамамен – 19 жаста. Ол мектеп ауласына ұзын ұңғылы қарумен кіріп, алдымен сыртта, кейін ғимарат ішінде ретсіз оқ ата бастаған.
Оқиға салдарынан 16 адам жарақат алды. Олардың ішінде оқушылар да, мұғалімдер де бар. Кемінде 2 мұғалім зардап шеккен. 4 адамның (2 оқушы мен 2 мұғалімнің) жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Шабуыл кезінде кейбір оқушылар құтылу үшін терезеден секірген. Көптеген оқушы дер кезінде эвакуацияланған.
Оқиға орнына жедел түрде полиция, дәрігерлер және арнайы қызметтер жеткен. Құқық қорғау органдары шабуыл жасаушыны берілуге көндірмек болғанымен, ол бас тартқан. Кейін ол мектеп ішінде өз-өзіне қол жұмсаған.
Белгілі болғандай, шабуылдаушы 2007 жылы туған және бұрын осы мектепте 9-сыныпқа дейін оқыған, кейін басқа оқу орнына ауысқан.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Билік өкілдері зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстап, толық тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.