Тұрмыста зәбір көргендердің 70%-ы арыз жазудан бас тартқан

260

Сондықтан 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшті. 

Тұрмыста зәбір көргендердің 70%-ы арыз жазудан бас тартқан Фото: Ulysmedia.kz

Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы барлығы 99 мың хабарлама түскен, оның ішінде 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке, мыңға жуығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегеді, кемінде 80 әйел қайтыс болады. Күн сайын Ішкі істер органдарына отбасылық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар туралы 300-ге дейін хабарлама келіп түседі.

Жағдайдың күрделенуіне байланысты былтыр Президент тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Мәселен, өткен жылы Президенттің тапсырмасымен Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Сонымен 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшті. Қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады. Соңғы құқықтық бағаны сот береді.

"Егер бұрын жыл сайын құқық бұзушылықтар туралы 100 мыңға жуық сигнал түссе, 70%-ға жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмайтын.

Арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен кейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды.

Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен, онда 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке, мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

130 мыңнан астам профилактикалық әңгіме жүргізілді", — деп баяндады ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Сонымен қатар, полиция әрбір отбасылық жанжал бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін бағалайды.

"Өткен жылдың тамыз айынан бастап 18,5 мыңнан астам отбасы арнайы сауалнамадан өтті. 884 отбасыда құқық бұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары екені анықталды. Құқық бұзушыларға агрессияны болдырмау үшін өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылады", — деп түсіндірді Шыңғыс Әлекешев.

Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушының мінез-құлқына, оның ішінде алкогольді ішуге тыйым салуға байланысты 15 мың ерекше талап қойды. ІІМ ресми өкілінің айтуынша, тәртіп сақшылары мұндай азаматтарды қатаң бақылауда ұстайды.

"Мәселен, Павлодар облысында учаскелік полиция қызметкері қорғау нұсқамасының сақталуын тексеру барысында мас күйдегі азаматтың анасымен жанжалдасқанын анықтады.

Ер адам 20 тәулікке қамауға алынды.

Жалпы сот шешімі бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2 770 агрессор және мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 5 926 құқық бұзушы қамауға алынды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидаты қалыптасады. Алайда тек полицияның күшімен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу мүмкін емес",— дейді спикер.

Отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері - маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және басқа да қиындықтар.

Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі Жол картасын іске асыруда (28.08.2023 ж.).

Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды.

Спикер баяндамасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы отбасыларға 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасыны анықтады.

2024 жылдың қаңтар айында осындай 325 отбасы анықталды. Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілді.

Мысалы, Алматы қаласында полиция қолайсыз отбасыларды тексеру кезінде жағдайы өте нашар отбасыны анықтады. Үй іші антисанитария, балалары аш, ал олардың әкелері қатты мас күйде болған. Онымен қоса сол үйде онымен бірге ішетін досы да табылған. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, балалар кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына, ал ер адам наркология орталығына емделуге орналастырылды.

Жалпы соңғы бір апта ішінде 2533 қылмыс жасалды, оның 1655-ы бір тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 11 кісі өлтіруді, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша 5 істі, 16 тонау, 1 қарақшылық және 218 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу