"Үйінің қоршауына 15 млн теңге лақтырған": Қостанай облысында кәсіпкерден ақша бопсалаған блогер сотталды

157

Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. 

"Үйінің қоршауына 15 млн теңге лақтырған": Қостанай облысында кәсіпкерден ақша бопсалаған блогер сотталды Фото: NUR.KZ

Қостанай облысында кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша бопсалаған блогер 7 жыл 6 ай мерзімге сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қарабалық ауданының тұрғыны С.-ға қатысты аса ірі мөлшерде жасалған қорқытып алу бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚР ҚК 194-бабының 4-бөлігі 2-тармағы).

Сотпен анықталғандай, 2025 жылғы ақпанда блогер ЖШС-ге тиесілі құстың өлігі мен жарамсыз құстың шығарылуын көзімен көрген. Мұндай әрекеттер санитарлық нормалар мен биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату ережелерін бұзатынын біліп, ол ұялы телефонының камерасына видео түсіріп, оны YouTube арнасына жариялады. Осы жарияланымның негізінде өкілетті органдар тарапынан тексерістер жүргізілді және мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Кейін сотталушы С. компания өкілімен әңгіме барысында осындай мазмұндағы бірқатар бейнежазбалар бар екенін ашық мәлімдеп, "Shacman" автомобилін немесе 20 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатты беру арқылы сыйақы алу мәселесін реттеуді ұсынған. Кәсіпкер тиісті өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгінді.

Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында блогер ақшаны өз ауласының қоршауына лақтыруды ұсынды. Сол күні компания өкілі блогер үйінің қоршауы арқылы 15 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат берді", – делінген облыстық сот хабарламасында.

Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап ақтау үкімін шығаруды өтінді.

Сот блогерге 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу