Үйлерін су шайып кеткендерге шығынды дәлелдеу қиындық туғызады – сенатор

124

Жылжымайтын мүлікті ресми тіркеп үлгермегендер мемлекеттің материалдық көмегінен қағыламыз деп алаңдаулы. 

Үйлерін су шайып кеткендерге шығынды дәлелдеу қиындық туғызады – сенатор Фото: Open kz

Сенат депутаты Әсем Рахметова су тасқынынан зардап шеккендерге келген залалды өтеу туралы қағидаларды қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір облыстарда біржолғы өтемақы мен келтірілген шығын бойынша тқлемдер жасауға құжаттар қабылданып жатыр. Зардап шеккендермен кездесу барысында жергілікті тұрғындар депутаттарға өтемақы алу бойынша біраз түйткілді мәселелерді жеткізді. Мәселен, үйлері құлап немесе су шайып кеткендер үшін материалдық шығынды дәлелдеудің қиындық туғызатыны. Үйлерін, қоражайларын салып, бірақ жылжымайтын мүлікті ресми тіркеп үлгермегендер, бау-бақша серіктестігінде тұрып жатқандар қазірдің өзінде мемлекеттен берілетін материалдық көмектен қағыламыз ба деп алаңдаулы. Сондай-ақ су басқан елді мекендердегі үйлерді жалға тұрып жатқандар мемлекеттен берілетін біржолғы өтемақыға қол жеткізе алмайды. Тағы бір мәселе есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілетін біржолғы өтемақы банктер тарапынан кредиттік қарызды жабуға ұсталып қалуда. Үйлері суда тұрған, өздері эвакуациялық пункттерде бас сауғалаған тұрғындар осы мәселелердің оң шешімін күтеді", - деді Әсем Рахметова.

Депутат осыған байланысты залалды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.

Атап айтқанда, су тасқыны кезінде толық қирау не жоғалту себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес тұрғын үй үшін залалды өтеу тетігін әзірлеуді, сондай-ақ тұрғын емес құрылыстар мен мүлікке келген, оның ішінде су тасқыны кезеңінде жоғалған залалдың орнын толтыру тетігін қосуды ұсынды.

"Саяжай учаскелерінде тіркелген және тұратын азаматтарға келген залалды өтеу тетігін қарастыруды, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келген залалды өтеуге құжаттарды беру мерзімін күнтізбелік 30 күннен 60 күнге дейін қарастыруды, жеке не мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтарға біржолғы өтемақы, материалдық шығын өтеу тәртібін айқындауды ұсынамын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шоттары бұғатталған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз", - деп толықтырды депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу