Онда Министрлер кабинетінің мүшелері 2025 жылғы қаңтар-қараша айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын және республикалық бюджеттің атқарылу барысын талқылады. Ал отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысып, БАҚ өкілдері тарапынан туындай сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті. Тауарлар өндірісі 8,2%-ға, қызмет көрсету 5,3%-ға артты.
ЖІӨ-нің өсуіне анағұрлым ең көп үлесті өнеркәсіп (өсім 7,3%) саласы қосты, оның жалпы өсімдегі мөлшері – 30%. Ал сауда және көлік салаларымен қосқанда 70%-дан асады.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8% болды. Бұл жекелеген бағыттар бойынша өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қалыптасып отыр.
Олардың ішінде:
• машина жасау – 11,5%-ға,
оның ішінде автомобиль құрастыру – 13,3%-ға,
• химия өнеркәсібі – 10,9%-ға,
• азық-түлік – 9,1%-ға,
• мұнай өнімдері – 6,3%-ға,
• металл бұйымдары – 14,1%-ға,
• құрылыс материалдары – 5,3%-ға өсті.
Құрылыс саласында өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен байланысты болып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемінің артуы 2025 жылғы қаңтар-қыркүйектегі 14,9%-бен салыстырғанда 15,1%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы саласы маусымдық өсу фазасына енді. Жалпы өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 1,0 п. т.-ға жеделдеп, 5,4%-ға артты. Өсімдік шаруашылығында өсім 6,7%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға жетті. Жалпы өнімнің өсуі мемлекеттік қолдау шараларымен, агротехнологияларды сақтаумен және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа-райымен байланысты болып отыр. Бірқатар өңірде дәнді дақылдардың өнімділігі артты, олардың ішінде Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%) және Павлодар (+7,4%) облыстары бар. Сүт өндірісі 5,2%-ға, ет өндірісі 2,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 1,4%-ға өсті.
Саудада өсім деңгейі 9%-ды құрады. Өсу қарқыны саладағы үлесі 66,5% болатын көтерме сауда кәсіпорындарында байқалып отыр. Айналымның ұлғаюы Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында тіркелген.
Көлік саласында да өсімнің жоғарғы қарқыны сақталып отыр. Барлық көлік түрі бойынша тасымалдың өсуіне байланысты көлік қызметінің көлемі 20,7%-ға артты.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыға салынды. Алайда, күн тәртідіне шығарылған мәселе қаралмастан бұрын еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету жайы қаралды.
"Отырыстың күн тәртібінен тыс алдағы вегетация кезеңінде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесін тыңдаймыз. Өткен аптада Қанат Алдабергенұлы (Премьер-министрдің орынбасары Бозымбаев) және Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрлерімен бірге оңтүстік аймақтарға барып, жергілікті халықпен бірнеше кездесу өткізіп, тиісті түсіндірме берген болатын", – деді отырысты ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов.
Негізі мәселе бойынша сөз алған Қанат Бозымбаев 4-5 желтоқсан аралығында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында Су ресурстары министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері, құқық қорғау органдары, су шаруашылығы ұйымдары және шаруа қожалықтары өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңестер өткізілгенін атап өтті.
"Үш өңірде де су аз кезеңнің жалғасып жатқаны расталды. Шардара су қоймасына су келуі 43 пайызға төмендеді. Нарын-Сырдария каскадындағы ірі су қоймалардағы су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41 пайызды құрайды. Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар", – деді ол.
Осы ретте Премьер-министр Су ресурстары министрлігіне бекітілген лимиттерден тым көп су беру жағдайларының алдын алуды тапсырды.
"Бұл өте өзекті мәселе. Мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті. Алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта біз 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектар артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандардың шығындары болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Бұны халыққа ашық, үзілді-кесілді айту керек. 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады. Бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселені мен өзім жеке бақылауымда ұстап отырмын. Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктері қажетті су көлемін дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізуі қажет", – деді Олжас Бектенов.