Украина ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай дрондар мен роботтар шеруін өткізді

535

Киевте дәстүрлі әскери техника мен сарбаздар қатысатын парадтың орнына роботтар, теңіз дрондары және ұшқышсыз ұшу аппараттары көрсетілді.  

Украина ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай дрондар мен роботтар шеруін өткізді Фото: president.gov.ua

Украина астанасы Киевтің басты көшесі – Крещатикпен ондаған көпфункционалды жерүсті роботты платформалар жүріп өтті.

Олардың қатарында ұрыс қимылдарына, барлау, логистика және жараланғандарды эвакуациялауға арналған жүйелер бар, деп жазады inbusiness.kz сайты "Українська правдаға" сілтеме жасап.

Днепр өзенінде Украина әскери мақсатта қолданатын теңіз дрондарын таныстырды. Олардың қатарында Magura және Sea Baby үлгілерінің түрлі модификациялары болды.

Украина бұл дрондарды Ресейдің әскери кемелеріне, инфрақұрылымына және басқа да нысандарына соққы беру үшін қолданады. Ал Киев аспанында барлау және соққы беруге арналған ұшқышсыз аппараттар, сондай-ақ ресейлік дрондарды жоюға арналған жаңа буын дрон-ұстағыштар көрсетілді.

Парад Украина армиясының 2022 жылдың ақпанынан бері түбегейлі өзгергенін паш етті. Соңғы төрт жарым жылда дрондар құрлықта, теңізде және әуеде жүргізілетін әскери операциялардың маңызды бөлігіне айналды.

2024 жылы Украина президенті Владимир Зеленский дрондарды қолдануға маманданған жеке әскер түрі – Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру туралы заңға қол қойған. Украина осындай жеке әскер түрін құрған алғашқы мемлекет болды.

Дрондар Украинаға адам ресурсы мен дәстүрлі қару-жарақ бойынша басымдығы бар Ресейге қарсы соғыста өз мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ұшқышсыз жүйелер әскери қызметшілердің өміріне төнетін қауіпті азайтып, салыстырмалы түрде арзан қару түрлерін кеңінен қолдануға жол ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу