Ұлдана Мырзуанның қазасы: Әділет Зейнел сотта 20 млн теңгенің есебін берді

907

Жәбірленушіден жауап алынды.    

Ұлдана Мырзуанның қазасы: Әділет Зейнел сотта 20 млн теңгенің есебін берді Фото: Жоғарғы сот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жұбайыңыздың қаза болуына байланысты сізге қандай да бір материалдық көмек көрсетілді ме?", – деп сұрады прокурор Саяжан Серікова.

Әділет Зейнел қала әкімдігінен көмек берілгенін айтты. Мемлекеттік айыптаушы қаражат сомасы мен оны кім бергенін нақтыламақ болғанда, жәбірленушінің адвокаты бұл сұраққа қарсылық білдірді. Бірақ судья Меруерт Абаева бұл сауал алынып тасталмайтынын жеткізді.

"19 қараша күні бізді Астана қаласының әкімдігіне шақырды. Кездесуге қала әкімі, оның орынбасары қатысты. Сондай-ақ, қателеспесем, мәслихат депутаты да болды, аты-жөнін білмеймін. Мәслихат депутаты бізге 20 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақша берді. Мен онда Ұлдананың туған әпкесі Ақнұрмен бірге бардым", – деп жауап берді Әділет Зейнел.

Судья одан сот талқылауы кезінде жәбірленуші мәртебесінен бас тартуының себебін сұрады.

"Мен жаңа өмір бастап, үйлендім. Әрі қарай Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалаймын, себебі ол бұған дейін БАҚ-та менің жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды айтқан еді", – деді жәбірленуші.

Әділет Зейнел 20 миллион теңге қайда жұмсалғанын да айтты.

"Бізге 19 қарашада 20 миллион берілді. Үш күн ішінде мен көліктің несиесін төледім. Кейін біз банкке бардық. Оның шоттары толығымен жабылғаны белгілі болды, себебі қарызды тек 6 айдан кейін жауып, жалпы соманың қанша екенін білуге болады екен. Бірақ банк қызметкерлері алдын ала соманы айтты. Оның айына 210-215 мың теңге төлеп отырғанына қарап, олар шамамен 4,3 млн теңге шамасында екенін жеткізді. 9,2 млн теңге көлік несиесін өтеуге жұмсалды. 4,5 млн теңге Ұлдананың анасына берілді. Қалған қаржы ұсақ шығындарға, қайырымдылыққа бағытталды", – деді ол.

Айта кету керек, бұған дейін Әділет Зейнел жұбайының ауруханаға түскен күні туралы айтқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу