Ұлттық Банк 2030 жылға дейін Ұлттық қордың ақшасын 100 млрд долларға жеткізбекші

489

Қазір Ұлттық қорда 56 млрд жатыр. 

Ұлттық Банк 2030 жылға дейін Ұлттық қордың ақшасын 100 млрд долларға жеткізбекші Фото: inbusiness.kz

Ұлттық банк Ұлттық қордың ақшасын 100 млрд долларға жеткізбекші. Қорды басқарудың 2030 жылға дейін тұжырымдамасында осылай делінген. Алайда, Үкіметтің қорға тыныштық бермейтінін ескерсек, орталық банктің бұл жоспары кемдемсоқтық  емес пе? 

Орталық банк Ұлттық қорды басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, ашық құжаттар порталына жариялады. Оның мақсаты - геосаяси шиеленіс және мұнай бағасы құбылмалы кезеңде Ұлттық қордың ақшасы көбейту. Алғашқы өзгеріс-  тұрақтандыру портфелі құрылып, 10 млрд доллардан асқан сома жинақтаушы портфельге құйылып отырады. Екінші өзгеріс - Ұлттық қор активтерін әр тараптандыру.  Облигация үлесі 80 пайыздан  60 пайызға дейін азаяды. Ал, акциялар - 30 пайыз, алтын - 5 пайыз болмақ. Сондай-ақ, дамыған елдердің мемлекеттік және корпоративтік облигацияларына да қаражат құйылмақ. 

"22 жылдың ішінде ҰҚ кірістілігі 3  пайызды ғана құраған. Норвегия кемі 7 пайыз. Демек ол жақта тиімді басқарылады. Бізде әр түрлі қаржы құралдарына диверсификация жасауды қолға алу керек. Баяғыда қолға алу керек болған", - дейді экономист Мақсат Халық.

Алайда, Ұлттық қордың өсуіне Үкімет кедергі. Билік бірнеше жылдан бері бюджет  тапшылығын Ұлттық қормен жабуға әдеттеніп алған. Пандемиянің жылдары 4 триллиондап ақша алғанса, биыл тағы 1,5 трлн трансферт бөлгізді. Сарапшылардың сөзінше, егер Үкімет тәбетін тыйып, үнемдеуді үйренбесе, 100 млдр доллардың ауылы алыс. Сәйкесінше, бұл тұжырымдаманың жемісті болуы да екі талай.

"Ұлттық қордың табысы төмен. Оған мұнайдың арзандауы себеп. Оның үстіне, Үкімет бюджет ақшасын қисапсыз жұмсап, керек болғанда Ұлттық қордан ала салады. Бизнесті ынталандырып, салық жинауға құлықсыз. Әрине, қалтаңда дайын ақша тұрса, не қам бар? Сосын Қордан қомағайланып ақша ала береді. Бұл жақсы емес. Сол үшін тұжырымдама керек еді. Енді оның қалай жұмыс істейтінін көрейік. Құрғақ сөз үшін жасалмаса екен", - деді экономист Расул Рысмамбетов.

Инвестициялық портфельді географиялық әртараптандыру арқылы Ұлттық қордың кірісі біршама артады деп күтілуде. Тұжырымдама мүлтіксіз орындалса,   болжам бойынша, 2030 жылға қарай Ұлттық қорда 100 млрд доллар жиналады.  Қазір онда 56 млрд жатыр. 

Еске салайық, 2024 жылдан бастап Ұлттық қор табысының тең жартысы балаларға үлестіріледі. Осылайша, 18 жасқа дейінгі әр баланың арнайы шотына жыл сайын 150 доллар шамасында қаражат түсіп тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу