"Ұлымның өліміне кінәлі деп санамаңыз": Ақтөбеде ұлының өліміне күдікті әке сотта соңғы сөзін айтты

351

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотында төрт жасар Данил Ахуновтың өлімі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. 

"Ұлымның өліміне кінәлі деп санамаңыз": Ақтөбеде ұлының өліміне күдікті әке сотта соңғы сөзін айтты Фото: inbusiness.kz

Күдікті – баланың әкесі.  Артур Ахуновқа Қылмыстық кодекстің "Жас баланы өлтіру" бабымен айып тағылған болатын. Мемлекеттік айыптаушы оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап отыр. 

 Бүгінгі отырыста ол соңғы сөзін айтты: 

"Анаммен бірге тұрдым. Балалар өте ширақ еді. Үлкені тынымсыз бала болды. Қызым -  өте қамқор, маған көмектесіп жүрді. Ал Данил - өте сабырлы еді. Анамның үйінде ұзақ уақыт  тұра алмадық. Себебі үлкен ұлым кіші ұлым Данилді ұрды. Анам екеуміз сол үшін сөзге келіп қалдық. Артынан бөлек шығуға тура келді, пәтер жалдадым.

Жазатайым оқиға сол жерде болды, Данил көз жұмды. Оқиға әлі күнге көз алдымда. Мен жынданып кететін шығармын деп  те ойладым. Ұлымнан айырылғаныма сенгім келмеді. Бәлкім сондықтан да мен полицияға хабарласып, жоғалып кеткені туралы хабарлаған шығармын. Өмірдің мәні кетті. Сот-медициналық сараптама дұрыс жасалмады. Полиграфиялық сараптамамен де келіспеймін. Судья, осы заңсыздықтарға назар аударуыңызды сұраймын. Балам Данилдің өліміне кінәлі деп танымауыңызды сұраймын. Мен бар баламды жақсы көремін. Маған мүмкіндік беріп, жағдайды өзгертуге болады деп ойлаймын. Екі балам бар. Анам инсульт алған. Бар өмірімді анама, балаларға арнағым келеді,- деді сотталушы Артур Ахунов.

Оқиға өткен жылдың желтоқсанында болған еді. Сот материалдарында көрсетілгендей, 2022 жылдың 23 желтоқсанында Артур Ахунов ұлымен бірге жалдамалы пәтерде болған.

Ұлының салқын тиіп ауырған бала мазасы қашып, әрі әжесінің үйінде қалған бауырларын іздеген қылығына шыдамай, кәмелеттік жасқа толмаған ұлын ауыр затпен басынан, самай тұсынан, қолымен ішінен ұрған. Есі танып құлаған бала сол жерде қайтыс болады.

Келесі күні сағат 23:00-дің шамасында қылмысының ізін жасыру, қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатында баласының мүрдесін қаланың шетіне апарып, тереңдігі екі метр болатын шұңқырға көмген. Ол жерді алдын-ала дайындап қойған. Жерді қазуға 20 мың теңгеге экскаваторды жалға алып, жүргізушісіне шұңқырға жөндеу жұмыстарынан қалған құрылыс материалдарының қалдығын көмемін деп өтірік айтқан. Бес күннен соң Артур Ахунов ұлын үйдің ауласында жүрген жерінен жоғалып кетті деп құзырлы орындарға хабарлаған деп жазылған. 

Марқұм 4 жастағы Данил Ахунов – үшемнің бірі. Балалардың шешесін ана құқығынан айырған соң әкесінің қарауында болған. Желтоқсандағы жағдайдан кейін Данилдің сыңары – ұл мен қыз Ақтөбедегі өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау орталығында тәрбиеленіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу