Ұлытау облысында жастарға арналған "Ulytau Zhastary" тұрғын үй бағдарламасына өтінімдерді қабылдау қайта басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама қатысушыларына жылдық несие мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Бастапқы жарна кем дегенде 10% болуы керек.
Ұлытау облысының жас мамандарын кредиттеуге келесі қызмет салалары қатыса алады:
Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ (мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, ЖОО қызметкерлері, әлеуметтік сала.
"Ulytau zhastary" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:
1. Қатысушының жасы өтініш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауға тиіс;
2. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы;
3. Таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі-зейнетақы жарналарын міндетті түрде төлей отырып, кемінде үздіксіз соңғы 1 жыл;
4. Бағдарламаға қатысушы Ұлытау облысында кемінде соңғы 1 жыл үздіксіз тұрақты тіркелуінің болуы;
5. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Ең көп балл жинағандар (некеде тұрған жылдар саны, балаларының болуы, жұмыс өтілі және т.б.) қатысушының несие төлеу қабілеттілігін айқындау үшін "Отбасы банк" АҚ-ға жіберіледі.
Бағдарламаға қатысуға өтінім беру Бейбітшілік даңғылы 26/1 мекенжайында орналасқан Жастар сарайында жүзеге асады. Өтінімдер 2023 жылдың 9-16 тамыз аралығында (жұмыс күндері) сағат 15.00-18.00 аралығында қабылданады.