"Үш адам өлтірді, біреуі сотталды"

1113

Ақтөбеде оқтан қаза тапқан Дәулет Хайролланың туыстары сот шешіміне қарсы.

"Үш адам өлтірді, біреуі сотталды"

Ақтөбеде кісі қолынан қаза тапқан Қазақстанның каратэден үш дүркін чемпионы Дәулет Хайролланың туыстары сот шешіміне наразылық білдіруде. Оның өліміне үш адам айыпталғанмен, айналып келгенде біреуі ғана сотталған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Еске сала кетсек, Дәулет Хайролла 2021 жылғы ақпан айында 18 жасында атылған оқтан көз жұмған еді. 

Шілде айында сот кінәлі адамды 22 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Алайда куәгерлердің айтуы мен сот сараптамасы бойынша қылмыскерлер саны – үшеу. Белгілі болғандай, Дәулетті үш жігіт жабылып ұрған. Олардың ішінен оқ атқаны сотталып, оған "ат, ат" деп айқайлап тұрған қос сыбайласы сотқа куәгер ретінде қатысқан. Марқұмның жақындары қылмыстық топтың ішінен біреуі ғана жазаға тартылып, қалғандары құтылып кеткеніне наразы. 

"Біздің пікірімізше, Дәулеттің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмысты жасады деген айыппен Ерханай Ерсұлтан, Садуллаев Руслан және Сергейұлы Дархан сотталушылар орындығында болуы керек еді. Ал Ерханай Ерсұлтан ҚК-тің 28-баптың 4, 99 баптың 2 бөлігінде көзделген қылмысты (кісі өлтіруге итермелеу) жасады деген айыппен де жазалануы тиіс", - деген Дәулет Хайролланың апасы Жадыра Айтжанова ел президентінің атына ашық хат жазып, қол жинауда. 

Қазіргі күні қара жамылған отбасы тергеу барысына көңілі толмағандарын айтып, істі қайта қарауды талап етіп отыр. Қайғылы оқиғаға қатысы барлардың түгел жазаланбағаны өз алдына, сол кезде болған кей жайлар мүлдем назарға да алынбапты. Мәселен, күдіктілер алдымен Дәулеттің досына оқ атып, ол жанап өткен. Екінші рет олар Дәулет Хайролланы нысанаға алады. Бұл кезде көптің мақтанышына айналып үлгерген спортшы өзінің жеке мектебін ашып, Азия чемпионатына дайындалып жүр екен.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу