Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі күшіне енгеннен кейін отставкаға кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
ШҚО әкімінің кеңесшісі Лаура Жакупова мұндай өтініш берілгенін, алайда оны қанағаттандырудан бас тартылғанын мәлімдеді.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша іске қатысы жоқтығын ескере отырып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды", – деді Лаура Жакупова.
3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық және пара алу қылмыстары бойынша кінәлі деп таныды. Сот Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Заң бойынша, егер саяси мемлекеттік қызметшінің тікелей бағынысты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енсе, ол қызметінен кету туралы өтініш беруге міндетті.
Мұндай отставкаға қатысты түпкілікті шешімді жоғары тұрған басшылық қабылдайды.