Жамбыл облысында жыл басталғалы 14 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

834

Ал қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді.  

Жамбыл облысында жыл басталғалы 14 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды Фото: Inbusiness.kz

Қазіргі уақытта елімізде коронавирус инвекциясы бойынша ахуал тұрақты дегенімен, босаңсуға ешқандай негіз жоқ. Мәселен жуырда ғана Батыс Қазақстан облысының 26 тұрғынынан коронавирус анықталды. Басқа да өңірлерде коронавирус жұқтыру деректері тіркелді.

Осыған байланысты inbusiness.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликовадан Әулиеата өңіріндегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы сұрады.

Неили Орынбасарқызының келтірген деректеріне сүйенсек, Жамбыл облысында 2024 жылғы қаңтарда коронавирустық инфекцияның 9 жағдайы тіркелген. Ал ақпан айының 13-іне дейін 5 тұрғын коронавирус инвекциясына шалдыққан. Сондықтан да маман сақтық шараларын қатаң ұстанып, маска тағу режимін ұстануға шақырды.

"Жедел респираторлық вирустық инфекция, коронавирустық инфекция, тұмау, қызылша адамнан адамға ауа тамшылары және тұрмыстық байланыс арқылы берілетінін білу маңызды. Сондықтан алдын алу шараларын әрдайым ұстанып жүру керек.

Ал қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін облыста 4 383 қызылшамен ауырғандар тіркелді. Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін 2023 жылғы 7 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Бүгінге дейін қызылшаға қарсы вакцинаны 90 мыңнан астам адам алды. Жаппай иммундаудың арқасында төмендеу үрдісі байқалады, мысалы 2023 жылдың желтоқсанында қызылшаның 1017 жағдайы тіркелсе, қаңтарда қызылшаның 643 жағдайы және ақпанның 13-не дейін қызылшаның 156 жағдайы тіркелді.

Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қазаннан 2024 жылғы 13 ақпанға дейін облыста ЖРВИ-ның (жіті респираторлық вирустық инфекция) 198 231 жағдайы тіркелді. Бұл ретте 14 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлес салмағы 60 пайызды құрады.

Тұмау вирустарының айналымын анықтау мақсатында ЖРВИ белгілері бар науқастардан 511 материал зерттелді. Нәтижесінде "А" тұмауы вирусының айналымы анықталды (59 жағдай) және басқа да респираторлық вирустар: аденовирус, риновирус, парагрипп" - дейді Неили Орынбасарқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу