Жамбылда мүмкіндігі шектеулі балалар саны артып келеді

763

Облыс бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелген.  

Жамбылда мүмкіндігі шектеулі балалар саны артып келеді Фото: Inbusiness.kz

Елімізде психикалық дамуы тежелген балалар жыл санап көбейіп келе жатқандықтан мемлекет тарапынан инклюзивті білім беру ісіне айрықшы ден қойылып отыр. Жамбыл облысында 2023-2024 оқу жылында 8200 мүмкіндігі шектеулі бала анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 278 балаға артқан. 2022-2023 оқу жылында 7922 бала тіркеліп, 6507-сі (82,1 пайыз) оқумен және тәрбиемен қамтылған. Биылғы оқу жылында 8200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6670-і (81,3 пайыз) оқумен және тәрбиемен қамтылған.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, мектепке дейінгі мекемелерге қамтылған ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 2593. Оның ішінде 60 мектепке дейінгі мекемедегі логопунктерде 1952 бала инклюзивті тәрбиеленуде. Сол секілді 13 мектепке дейінгі мекемеде 641 бала арнайы топтарға қамтылған.

"Жалпы білім беретін мектептер бойынша ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 3881. Саралай айтсақ, 445 мемлекеттік мектепте 1192 бала, жекеменшік 5 мектепте 15 бала инклюзивті біліммен қамтылған. Сондай-ақ 4 арнайы түзету мектеп-интернатында 515 бала, жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда 290 оқушы және 1599 бала үй жағдайында, жалпы білім беретін 8 мектептегі логопункттерде 270 оқушы оқытылуда.

Сонымен қатар техникалық және кәсіптік колледждерде 196 студент кәсіптік білім алуда. Облыста осы бағытта 25 арнайы мекеме мен кабинет жұмыс істейді" - дейді М.Нысанбаев.

Бүгінде облыстағы 401 мектепте және 184 балабақшада инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. 2023 жылы Тараз қаласындағы №14 орта мектептің базасынан №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, Шу ауданында 2 ресурстық орталық ашылып, материалдық-техникалық базалары жабдықталған. 2023-2024 оқу жылында Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептен инклюзияны қолдау кабинеті, Меркі ауданындағы А.Асқаров атындағы мектеп-гимназия базасынан ресурстық орталық ашу жоспарланып отыр.

Облыстағы 4 арнайы мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының есебінен қайырымдылық көмек көрсетіліпті. 4 арнайы мектеп-интернат қажетті интерактивті панелмен, оқу кабинеттерімен жабдықталып, тігін, ағаш шеберханаларына қажетті станоктар, арнайы құрал-жабдықтар алынып берілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу