Жанармайдың қымбаттауы сүт бағасына да әсер етеді – сарапшы

523

Осы 1 жылда елдегі сүт өнімдері шамамен 30 пайызға қымбаттаған.

Жанармайдың қымбаттауы сүт бағасына да әсер етеді – сарапшы Фото: turkystan.kz

Соңғы 1 жылда елдегі сүт бағасы 30 пайызға өскен. Алайда, қымбатшылық мұнымен тоқтамайды. Себебі, жанар-жағармай тапшылығы сүт өндірісін де айналып өтпейтіні анық. Сарапшылар күз кезінде дүкен сөрелеріндегі сандар біршама өзгереді дейді. Дегенмен, кей өндірушілер күзді күтпей, бағаны өсіруді бүгіннен бастап кеткен сияқты. 

Бірнеше күннен бері Астаналықтар сүт бағасының қымбаттағанын айтып, дабыл қағуда. Зенченко сүтінің құны 415 теңгеге көтерілген. Бұрынғы бағасына шамамен 40 теңге қосылыпты. Қаладағы ірі сауда желісіне келдік. Қазір рас-өтірігін білеміз. 

Сүт неге қымбаттады? деген сұрағымызға Смол супермаркетінен жауап алдық. Сөзіне сенсек, бағаны өндіруші, яғни Зенченко компаниясы өсірген көрінеді. Сәйкесінше, оның дүкен сөресіндегі құны да артқан. Бұған әкімдік өкілдері де мән беріпті. Алайда, 3,2 пайыздық сүт әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кірмейтіндіктен, ешқандай шара қолдана алмаймыз деп отыр.

"Олар хабарлама жасап, 6-сәуірден бастап сүттің бағасы 10 пайызға өсетіні туралы хабарлама жасаған болатын. Родина, Нәтиже, одан да басқа өндіруішілердің бағалары өзгерген жоқ. Біз 2 жарым пайыздық сүтке ғана мониторинг жасап, бағаның 15 пайыздық үстемақысын ғана мониторинг жасаймыз. Егер өндірушіден шыққан бағадан 15 пайыз баға жоғары сатылатын болса, әкімшілік ретінде шара қолдана аламыз", - дейді Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев. 

Жалпы осы 1 жылда елдегі сүт өнімдері шамамен 30 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, Маңғыстау, Қызылорда және Астана тұрғындары бұл өнімді бұрынғыға қарағанда жоғары бағаға алады. Ал өндіріс көлемі 12 айда бар-жоғы 1,2 пайызға артыпты. Себебіне тоқталсақ, өндірушілерге тауардың сыртқы қаптамасын жасату қымбатқа шығады, оны алдыртудың өзі қазір қиын. Өйткені, басым бөлігі Ресейден жеткізіледі. 

"Дүкендерде азық-түлік өнімдерінің бәрі қымбаттап жатыр. Сүт бұл тізімнің басында тұр. Ал енді жанар-жағармайдың жағдайы сүт өндірісіне әсер етпейді деп айту қиын. Жалпы шығынның 65 пайызы сиырдың жем-шөбіне кететін қаражат. Ал жемді шығару үшін әлбетте жанар-жағармай қажет. Сондықтан шикізатты жоғары бағаға алуға тура келеді, деген болжамымыз бар", - деп ойымен бөлісті Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры Владимир Козевников.

Сарапшы айтып отырған қымбатшылық бірден жетпейді. Әдетте жаз маусымы сүтке сұраныс азайып, ұсыныс көбейетін кез. Сол себепті қиыншылықтың көкесі күзде болатын түрі бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу