Жастарға арналған 2,5 пайыздық микронесиелеу: Келесі жылы қанша адамға берілмек?

1189

2023 жылы 5,8 мың жасқа шағын несие беріледі. 

Жастарға арналған 2,5 пайыздық микронесиелеу: Келесі жылы қанша адамға берілмек? Фото: wfin.kz

Келер жылдан бастап жастардың кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов аталмыш бағдарламаға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарымыздың кәсіпкерлік ынтасын қолдау мақсатында шағын несие беру қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда оның ережесінің жобасын дайындадық. Ол Ашық НҚА порталында жарияланды. Несиенің мөлшерлемесі 5 млн-ға дейінгі соманы құрайды. Яғни бұл шағын несие деген сөз. Несие бес жыл мерзімге дейін беріледі. Ауылшаруашылық мақсаттарына алынған жағдайда, онда жеті жылға дейінгі кезеңге беріледі", - деді Асқар Ниязов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өз кезегінде тілші үйді кепілдікке қоюға келгенде бірқатар проблема туындайтынын атап өтті.

"Несиені берудің алғашқы шарты болғандықтан, оған кепілдік қойылуы тиіс. Оған үй ғана емес, сол сомаға сәйкес келетін басқа да мүліктерді қоюға болады. Бұл грант емес, қайтарымы бар", - деп нақтылады ведомство өкілі.

Асқар Ниязов несиені министрлік бермейтінін, бағдарламаның операторы болатынын атап өтті.

"Біздің ережеміз қабылданған жағдайда оның операторы ретінде агрокредиттік корпорацияны (ред. – "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ) анықтап отырмыз. (...) Халыққа қолжетімділікті арттыру үшін агрокредиттік корпорацияның жергілікті филиалдары арқылы таратуды жөн көрдік. Бұл несиені министрлік бермейді. Біз оның ережесін қалыптастырамыз және бюджеттен қажетті қаражатты аламыз. Ол қаражатты әр облысқа, өңірге бөліп береміз", - деді ол.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу