Жемқорлыққа жол берген облыс әкімі орынбасарының отставкасы қабылданған жоқ

617

Есесіне аймақ басшысының орынбасары қатаң сөгіс алды.

Жемқорлыққа жол берген облыс әкімі орынбасарының отставкасы қабылданған жоқ

Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айзада Құрманова өзінің қарамағындағы басқарма басшысы пара алып, сотталған соң қызметтен кету туралы өтініш берген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мәселе облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бұрынғы басшысы Самал Бегалинова туралы болып отыр. Осы жылдың маусым айында мемлекеттік мекеме басшысы жаңадан ашылатын Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейдің алдына орнатылуға тиіс Алаш көсемінің бюстін еш кедергісіз қабылдауы үшін астаналық мүсіншіден 1 млн теңге көлемінде пара алғаны белгілі болды. Осы әрекет үшін басқарма басшысы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ кәмелеттік жасқа толмаған екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана болғандықтан, жаза тек бес жылдан соң күшіне енеді деген шешім қабылданды.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, қоластындағы қызметкердің осындай қылмысқа баруын назарынан тыс қалдырған бірінші басшысы жұмыстан кетуге өтініш беруі тиіс. Талапқа сәйкес, басқарма жұмысына тікелей басшылық еткен облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова отставкаға кетуді сұрады. Бірақ Павлодар өңірінің басшысы Әбілқайыр Сқақов орынбасарының отставкасын қабылдаған жоқ. Дегенмен, қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұйғарды.

Еске сала кетсек, осыдан екі ай бұрын Екібастұз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Ахметов сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Орынбасарының мұндай әрекеті үшін шаһар басшысы Ардақ Қаңтарбаев оставка сұрады. Сол тұста облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қала басшысының өтінішін мақұлдап, қабылдаған еді.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу