Жетім балаларды кәсіби отбасылар тәрбиелейтін болды

182

1 шілдеден бастап жаңа тәртіп күшіне енеді. 

Жетім балаларды кәсіби отбасылар тәрбиелейтін болды Фото: freepik.com

Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің жаңа үлгісі енгізілді. Ертең, 1 шілдеден бастап "Кәсіби қабылдаушы отбасы" институты ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Енді жетім немесе қамқоршысыз қалған бала бірден мекемеге жіберілмей, арнайы дайындықтан өткен кәсіби отбасылардың қамқорлығына беріледі.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде елде 20 мыңнан астам жетім және қамқоршысыз қалған бала бар. Олардың 15 400-і түрлі отбасыларда тәрбиеленіп жатса, шамамен 1500 бала – патронаттық тәрбиеде, 280-ге жуығы – қабылдаушы отбасында. Ал 3 мыңнан астам бала арнайы білім, медицина және әлеуметтік қорғау мекемелерінде өсіп келеді.

Жаңа жүйе жетім балаларды тәрбиелеудің баламалы төрт үлгісіне қосымша ретінде енгізіліп отыр. Кәсіби қабылдаушы отбасы туралы заңға былтыр 29 желтоқсанда Президент қол қойған, ал биыл 31 наурызда тиісті ереже ресми бекітілген.

– Бұл норма балалардың психологиялық тұрғыда соққы алмауына, құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына, сондай-ақ балалар үйінің біртіндеп жабылуына жол ашады. Енді бала алдымен кәсіби отбасыға беріледі, – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев.

Қаржылай қолдау: жәрдемақы және жалақы

Кәсіби қабылдаушы отбасылармен мемлекет арнайы келісімшарт жасайды. Олар әр бала үшін 10 АЕК (шамамен 38 мың теңге) көлемінде жәрдемақы алады. Сонымен қатар, кәсіби тәрбиеші ретінде еңбек еткендері үшін ай сайын 70 АЕК (шамамен 275 мың теңге) мөлшерінде жалақы төленеді.

Сарапшының айтуынша, бұл қолдау баланың қажеттіліктерін өтеу мен отбасының материалдық жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кім кәсіби отбасы бола алады?

Кәсіби отбасы болу үшін ерлі-зайыптылар Оқу-ағарту министрлігінің үш айлық психологиялық курсын аяқтауы тиіс. Сонымен қатар:

– соттылығы болмауы керек;
– денсаулығы жарамды болуы шарт;
– арнайы есепте тұрмауы тиіс;
– әрекетке қабілетсіз деп танылмаған болуы қажет;
– отбасындағы бала саны да ескеріледі (мысалы, 4 баласы бар отбасы кәсіби тәрбиеші бола алмайды).

– Егер отбасында 3 бала болса, қосымша тек бір баланы ғана қабылдай алады. Бұл балалардың дамуына жағдай жасау мақсатында қарастырылған, – дейді Несіпбаев.

Жаңа жүйе баланың отбасылық ортада тәрбиеленуіне жағдай жасап, оның әлеуметтік бейімделуіне сеп болады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу