ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, биыл өртпен байланысты қайғылы оқиғалардың саны былтырғыдан артқан.
1 қазаннан бастап республика бойынша жылыту кезеңі басталады. Қазірдің өзінде елімізде 7 560 өрт тіркеліп, 229 адам қаза тапты. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, өрт 6,8%, ал адамдардың қаза болу көрсеткіші 6,5% көбейгені байқалады", - деді ол.
Биылғы 8 айда өрттен және көмірқышқыл газымен улану салдарынан 6 бала қаза тапқан.
Марғұлан Аманбаев өрт фактілері күрт көбейген өңірлерді атады.
"Өңірлердегі статистикаға келсек, Абай (46%), Алматы (33%), Қостанай (26%), Жамбыл (20%) облыстарында өрттердің көбейгені байқалады. Сол сияқты Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Шымкент, Алматы қаласында қаза тапқандар саны артты. Қаза тапқан азаматтар туралы айтатын болсақ, 86 адам мас болған", - деді комитет өкілі.