11 жасар Нұрай өз аяғымен жүргісі келеді

3718

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

11 жасар Нұрай өз аяғымен жүргісі келеді

Qmonitor.kz: "Қазақстан барған сайын мұсылман еліне айналып барады. Бұл неге әкеліп соғуы мүмкін?" деп жазады аталмыш басылым. Мақалада көтерілген мәселеге тарихшы Нұртай Мұстафаев жауап беруге тырысқан. Тарихшының айтуынша, 2009 жылы жүргізілген санақта дінге бет бұрған қазақстандықтардың мөлшері 90 пайыздан асқаны айтылған, бірақ шындығында дін ұстанатындардың саны 25-30 пайызды ғана құрауы мүмкін.

Әңгіме барысында тарихшы алдын ала болжам жасау қиын екенін айтқан, дегенмен жыл өткен сайын Қазақстанда діндәр азаматтардың саны көбейетінін болжаған. Сонымен қатар тарихшының пікірінше "мәселе халықтың діндарлығында емес, ислам дініне деген сұраныс артқан сайын радикалды көзқарастағы топтардың тарауын болдырмауда болып тұр. Бұған жол бермеу үшін мемлекеттегі әлеуметтік саясатты өзгерту керек. Ең болмағанда Ресейдегі деңгейге көтеру керек".

"Өздеріңіз білетіндей, Ресейде декреттік демалыс үш жылға дейін, ал Қазақстанда бір жыл ғана төленеді. Балаларға беретін жәрдемақы 16 жасқа дейін созылады. Көп балалы және жалғызбасты аналарға қомақты көмек беріледі. Сонымен қатар оларда ана капиталы бар, әскерилер мен дәрігерлерге және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арзандатылған баспана қарастырылған", – дейді Нұртай Мұстафаев.

Fergana.agency: "Салық комитеті қазақстандық Адам құқығы жөніндегі Бюро жұмысын тоқтатты" деп хабарлайды аталмыш басылым. Ресми түрде Бюро жұмысы сәуірдің 15-іне дейін тоқтатылған, мекемеге үлкен мөлшерде айыппұл салынған. Бюро өкілдері мен жетекшілері бұл мәселені қайта қарау үшін әрекеттеніп жатқанын жеткізген.  

Басылымның хабарлауынша, салықшылар үкіметтік емес ұйым есеп беру барысында шетелдік қаржыландыру көрсеткішін дұрыс көрсетпегендіктен жұмысы тоқтатылғанын айтқан. Сонымен қатар, жабылған мекемеге қандай да бір салықты төлемегені жөнінде айып таңылмаған. 

"Халықаралық құқықтық бастама" атты қор жетекшісі Айна Шорманбаева өз сөзінде салықшылар техникалық мәселелерді орынсыз үлкейтіп отыр дегенді айтқан.

"Ол жерде бір қателік болғанның өзінде бұл тек техникалық мәселе, оның салық төлемдеріне қатысы жоқ. Одан мемлекетке, қоғамға зиян тимейді", - деген Айна Шорманбаева.

Spik.kz: "Арандатуға түспейміз..." деп аталады аталмыш интернет-басылымның материалы. Бұл материалда автор Ресей депутаттарының Қазақстанға қатысты айтқан пікіріне қатысты саясаттану ғылымының докторы, Ресей Федерациясының мемлекеттік кеңесшісі Татьяна Полоскованың ойларына орын берген. Ғалымның пікірінше, Ресейде саясаткерлердің мұндай мәлімдеме жасауына тиым салынуы керек. 

Татьяна Полоскова ресейлік саясаткерлердің мұндай мәлімдеме жасауына президент Путиннің қатысы болмауы мүмкін, алайда президент ондай тапсырма бергеннің өзінде кез келген саясаткер ойлануы керек деп санайды. Сонымен қатар, саясаттану ғылымының докторы Татьяна Полоскова мұндай мәлімдеме жасаған саясаткерлер туралы сөз қозғағысы келмейтінін айтқан. Алайда болашақта мұндайға жол бермейтіндей әрекет жасау керектігін жеткізген.

"Бізге ортақ медиаресурстар керек. Қазақстандық телеарналарда ресейлік мамандар сөз алып, өз көзқарастарын жеткізіп отыруы тиіс. Мұндай мәлімдеме жасаған саясаткерлер Ресей мен Қазақстан халықтарын ұрыстырып ғана қоймай, Ресейді нағыз саясаттан алыстатып отыр". – деді Татьяна Полоскова.

Express-k.kz: Аталмыш газет бетінен 11 жасар Нұрай Әбділдина туралы оқуға болады. Қазір Нұрай өз аяғымен жүруді армандайды, ол үшін емделуі керек, ал емделуге қаражат қажет. Осы мақсатта Нұрай әлеуметтік желілерде өз парақшасын ашып, елден көмек сұрап жатыр. 

Басылымның хабарлауынша, Нұрай 2010 жылы дүниеге келген. Оның анасы Сәния Әбділдинаның айтуынша, бала өз басын өзі ұстай алмайтын болған, жүре алмайтын болған. Сол себептен Нұрайдың ата-анасы оны емдете бастаған. Дәрігерлер Нұрай емделсе, өз аяғымен жүріп кетуге болатынын айтады. Сол себептен 11 жасар қыздың ата-анасы бар күшін салып жатыр.

"Қызым "мен жүргім келеді, ән айтқым келеді" деп  күнде жылайды. Осыны естігенде жүрегім ауырады. Біз жолдасым екеуміз тырысып жатырмыз, бірақ еміне ақша жетпей қалады", -– дейді Сәния Әбділдина.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу