14 өңірде коммуналдық қызметтер жаппай қымбаттауы мүмкін

6288

Жылу мен жарық құны қазірден жұртшылықтың қабырғасына батуда.

14 өңірде коммуналдық қызметтер жаппай қымбаттауы мүмкін

Биыл еліміздің барлық өңірінен коммуналдық қызметтер бағасы күрт көтеріліп кеткеніне қатысты шағымдар түсуде. Бұған әкімдіктер мен антимонополиялық орган таңғалған сыңай танытты: тарифтер әзірге жоғарыламаған көрінеді. Алайда халық басқаны айтады.

"Әсіресе, жылу үшін келіп жатқан түбіртектердегі сан қатты алаңдатады. Мен өзім жақында табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының қабылдауында болдым. Ол тариф бұрынғы деңгейде қалғанын мәлімдеді: яғни, 1 гигакалория үшін 5700 теңге. Алда 2022 жылы 4% өседі деп жоспарланып отыр. Дегенмен алдыңғы қысқа қарағанда төлемнің өскенін байқаудамыз. Шыны керек, өңірде жылу үшін айына 13000-15000 теңгеден төлеу қиын. Және бұл тек жылу үшін ғана! Бұған қоса, электр, су және басқасы бар", – дейді Қостанай облысындағы Тобыл қаласының тұрғыны Сәуле Іскендірова.

Ол Қостанайдың өзінде 2021 жылғы 1 ақпанда жылу тарифі 4700-ден 3800-ге дейін төмендегенін біліпті. Бұған қызыға, қызғана қарайды.

"Онда ауыл-аймақтағы қарапайым бұқара үшін неге қымбаттата береді? Жылу беретін компания ай сайын қатаң ескертулер таратуда. "5 күн ішінде төлемесеңдер сотқа береміз!" деп қорқытады. Жұртшылық әбден зәрезап болды. Ай сайын 15 мыңнан беріп отыруға жағдайы жоқ, пеш жағуға да көше алмайды. Тұрмыстың төмендегені сыртында психологиялық қысым да өсіп барады", – дейді Тобыл тұрғыны.

Тобыл қаласын "Затабольская теплоэнергетическая компания" (ЗТЭК) қалалық коммуналдық кәсіпорны жылумен қамтиды. Монополист болғандықтан, оның тарифтерін Ұлттық экономика министрлігінің Қостанай облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті бақылап, белгілейді. Мысалы, осы департамент 2020 жылғы 4 желтоқсандағы бұйрығымен оның 2021–2025 жылдардағы тарифін және тарифтік сметасын бекітіпті. Нәтижесінде, ЗТЭК тарифтері 8 157,53 теңге/Гкал мөлшерінде, соның ішінде ҚҚС-ты қоспағанда тұрғындар үшін 5 046,92 теңге/Гкал көлемінде белгіленді. Яғни, өспеген.

"Жалпы, әр өңірде жылу тарифі сатып алынатын отын түріне – көмір, газ, мазут не дизельді отынға кететін шығыннан, энергия құнынан, қызметкерлердің жалақысынан, әлеуметтік аударымдардан және басқасынан құралады. Жылумен жабдықтау қызметінің тарифтері еліміздің әр елді мекенде әрқилы болып келеді. Бұл жылыту үшін отынның әралуан түрінің қолданылуымен байланысты. Өйткені әр отын түрінің бағасы өзгешеленеді. Сонымен қатар жылу құнына абоненттер саны, көрсетілетін қызметтің көлемі, кәсіпорын балансындағы активтердің саны мен құны, тіпті жылу желісінің ұзындығы да әсер етеді", – дейді  Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Жылу бағасы елордалықтардың да мазасын алып жатыр. 

"Мен сол жағалаудағы "Family Town" тұрғын үй кешенінде тұрамын, бізге "BI Clients Service 1" сервистік қызмет көрсетеді. Үйде жылу мен суды жылыту тарифі күрт көтерілді. Мысалы, 2020 жылғы қыркүйек пен 2021 жылғы қаңтар аралығында бұл тарифі 4 есеге қымбаттады! Оның үстіне жылу мен су жылыту шығындарын бөлек есептеу жүргізілмейді. Бағаның неге 5 ай ішінде шығандап кеткенін түсіне алмадық", – дейді астаналық Бақтияр Ысқақ. 

Нұр-Сұлтанның оң жағалауында, Б.Момышұлы даңғылында, көп қабатты үйде тұратын Қайрат Мырзашев те жылу құнының артқанына наразы.

"Мәселен, 2020 жылғы қарашада жылу үшін 4274 теңге төлеуді талап еткен түбіртек келді. Ал желтоқсанда ол 6103 теңгеге жетті. Яғни, бірден 30%-ға өсіп шыға келді. Мұны әдетте даладағы температураның күрт төмендеуімен түсіндіріп жатады. Күн суыған соң отынды көп жағып, баға өсті дейді. Бірақ мен астанада 10 жылдан бері тұрамын. Мұндай қымбатшылық ешқашан болған емес. Құзырлы органдар төлемнің қымбаттауы қаншалықты негізді екенін тексерсе екен", – дейді ол.

Расында, кейінгі екі айда барлық астаналық үшін сомасы айтарлықтай өскен төлем түбіртегі келді.

Жылу үшін сұралатын ақша мөлшерінің күрт өсуіне тек күннің суығаны әсер еткеніне депутаттар да сенбейді. Өткен сәрсенбіде Мәжіліс Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға осының мәнісін анықтауды сұрап, депутаттық сауал жіберді. Онда азаматтардан коммуналдық қызметтер түбіртегіндегі жылуға арналған сомалардың қатты өсіп кеткеніне шағымданып жатқаны айтылған.

"Бүгінде әлемде ахуал нашарлауда, дүниежүзін пандемияның тағы бір толқыны жабады деп күтілуде. Жағдайды ұзаққа созылып кеткен дағдарыс, өндірістің құлдырауы, жұмыссыздық ушықтырды. Карантин шаралары, экономикалық қиыншылықтар мыңдаған азаматымызды тұрақты табысынан айырды. Бұған қоса, ет және басқа да әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасы шарықтады. Осы ауанда коммуналдық төлемдердің ұлғаюы қазақстандықтардың материалдық жағдайын құлдыратуда. Халықтың сұрақтарына шенеуніктер де, қызмет жеткізушілердің өкілдері де егжей-тегжейлі жауап бермейді. Тек суық түсуіне байланысты ресурстарды тұтыну өскенін алға тартады. Алайда қызметтердің шынайы құнын есептеудің нақты алгоритмін ұсынбайды. Ал кейбір өңірлерде квитанциялардағы сома 20-30%, бірқатар өңірде жылу төлемі 100% артты", – делінген депутаттық сауалда.

Сонымен бірге келесі қыста баға ары қарай қымбаттауы мүмкін.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевтың айтуынша, 2021 жылы 48 монополистің 5 жылға бекітілген шекті тарифтерінің әрекет ету мерзімі бітеді.

"Олар Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облысынан басқа барлық 14 өңірде халыққа коммуналдық қызмет ұсынады. Осыған орай биылғы 2021 жылдың соңында осы монополистер комитетке баға көтеру туралы өтінішпен шығады деп күтілуде. Біз олардың 2022–2026 жылдарға арналған жаңа шекті тарифтерін бекітуіміз керек. Комитет бұл өтініштер бойынша олардың ұсынған растаушы материалдары негізінде шешім қабылдайтын болады. Монополистер тұтынушыларды шақырып, қоғамдық тыңдау өткізуге міндетті", – деді А.Дарбаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу