201-бап – "Ешкімге тіс жарма": Тергеушілер адам құқығын қалай шектейді?

2406

Қазақстандағы құқық қорғау органдарының тергеу бағытына халық ішінен, адам құқығын қорғаушылардан, заңгерлерден де, халықаралық ұйымдардан да күмән көп және мемлекеттің өзі азаптау фактілерін ішінара мойындайды.

201-бап – "Ешкімге тіс жарма": Тергеушілер адам құқығын қалай шектейді?

Сарапшылар мәселенің бір шеті Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына барып тірелетінін айтады. Inbusiness.kz тілшісі осы баптың мән-жайына үңіліп көрді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабында тергеу деректерін ешкімге жария етпеу туралы жазылған. Оған сәйкес, қылмыстық іске қатысы бар кез келген адамға (олар, мысалы, жәбірленуші, адвокат, куәгер немесе аудармашы болуы мүмкін – авт.) қолхат жазып тапсыру ұсынылады. Қолхат беруден бас тартуға болады. Бірақ тергеушілер қысым көрсету жолдарымен жазбаша "уәде" алып қалуға тырысады және көп жағдайда олар діттеген мақсатына жетіп жатады.

Қолхат қандай қиындық тудырады?

Мысалы, Шымкенттік журналист Зәуреш Мирзаходжаеваның үстінен 2020 жылы "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен іс қозғалған. Ол тергеушінің "мәжбүрлеуімен" тергеу деректері туралы ешкімге тіс жармауға "қолхат" бергенін айтқан. Сондықтан заңгер мен журналистерден кеңес ала алмай қиналған. Себебі істің мән-жайын айтар болса, жазаланады.

Дәл сол 2020 жылы Алматыдағы "ЛА-155/18 мекемесінің" тергеу изоляторында белгісіз жағдайда 19 жастағы Еркебұлан Нұрмыханов көз жұмды. Алайда оның туыстары көңіліндегі күмәні мен қайғысын қоғаммен бөлісе алмаған.

Елде болған ең ірі оқиға – қаңтар оқиғасының тергелу барысы да, заңгерлер пікірінше, 201-баптың (Қылмыстық-процестік кодекстің – авт.) қалтарысында өтіп жатыр. "Мемлекет кей адамның, шынымен, Жаңаөзен халқын қолдауға бейбіт шеруге шыққанына сенбей, билікті, қалыптасқан жүйені өзгерткісі келетіндерді мойындамай, түрлі әдіспен өзінің әрекетін ақтап алып жатыр" деген пікір айтады құқық қорғаушылар. Осы митинг кезінде жүздеген адамға "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "қару ұрлау", "терроризм" баптары бойынша айып тағылған.

Сондай айып тағылғандардың бірі – Қызылордалық адвокат Әділхан Бөденбаев. "Ол "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айыпталса да, өзін кінәсіз санаған, алайда қолхат беруіне байланысты істің мән-жайын журналистерге айтып бере алмаған.

Қаңтарда Жомарт Қойшманов есімді азамат кеудесіне оқ тиіп қаза тапқан. Ол да "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айыпталған. Оның тергеу ісі туралы жұбайы ешкімге ештеңе айта алмайды бүгінде. Себебі тергеушілер қолхат алған.

"Әлдеқашан айтып қойған сөзіне тыйым салады"

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис кодекстің іс жүзінде "қате" қолданылатынын айтады.

"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабында тергеу барысын құпия ұстау туралы айтылады. Нақты айтсақ. мемекеттік құпия немесе заңда көрсетілген кейбір құпия мәліметтерді ғана жария етпейсіз деп қолхат алуы керек. Нақты мынаны жария етпейсіз деп анық жазып, неге қолхат сұрап тұрғанын дәлелдеуге тиіс. Бірақ олар өйтпейді. Жалпылама "уәде" алып қалады. Сөйтіп бастан-аяқ тыйым салып тастайды. Мұны адамның өзін қорғау әрекетінен шектеу, қиянат деп есептеймін. Бұл нонсен! Халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді, қарапайым қисынға келмейді", – дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік құпиядан әлдеқайда алыс нәрселердің бәріне тыйым салу тергеу, сот жүйесінің әділдігіне күмәнді күшейтеді.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бұл негізінен тергеудегі заңсыздықтарды жасыру мақсатында қолданылады. Құқық қорғау қызметкерлері көбіне өздері қатысты істерде немесе азаматтық белсенді адамдарға қатысты істерде озбырлығын бүркемелеуге тырысады. Оған көпшілік назарын аудартқысы келмейді.

Сонымен бірге заңгер Абзал Құспанның айтуынша, құпиялылық, белгісіздік деген нәрсе неше түрлі өсек-аяңның өрбуіне себеп болады. Сол себепті бұны мейлінше азайту керек.

Бұл пікірді Евгений Жовтис те қуаттайды.

"Мысалы, бір адам әлдебір оқиғаның, айталық, кісі өлтірудің куәгері болды дейік. Бұл жөнінде, іс қозғалғанға шейін, жақындары, достары, таныстарына әлдеқашан айтып қойды ғой. Сосын іс қозғалады. Оны шақыртады. Шақыртады да, әлгі айтқандарыңды енді ешкімге айтпа дейді. Бұл деген ақымақтық қой", – дейді Евгений Жовтис.

201-баптың дұрыс қолданылуы

Абзал Құспан зорлау, педофилия фактілерінде құпиялылық сақталуға тиіс деп есептейді. Өйткені "жәбірленушіге соттан кейін де өмір бар ғой".

Ал қаңтар оқиғасымен қатар жоғары лауазымды адамдардың ісі ашық тергелуге тиіс екенін айтады.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты іс "өте құпия" деген санатта. Оған қатысты мәліметтерді сұрата алмаймыз. Қандай ақпарат таратады – соны ғана аласыздар. Мәсімовке қатысты істе қандай құпия бар-жоғын білмеймін, керісінше, халыққа объективті ақпарат таратса, дәл осы Қаңтар жағдайында неғұрлым ашық болса, оның Жаңа Үкіметке, Жаңа Қазақстанға деген сенім де көбейген болар деп есептеймін. Мен жалпы көп тергеу істерінің құпиялануына қарсымын", – деді ол "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры "Сот және журналист" тақырыбында 19 тамызда ұйымдастырған вебинарда.

Сарапшылар құқық қорғау органдары, әсіресе ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Антикор қатысқан істерде тыйым көп болатынын айтады және олардың "монополиялық" әрекетін сынға алады.

"Олар бандиттер мен жемқорларды ұстаған видеосын жариялап жатады. Видеоны бір рет көрсетіп қана қоймайды, видео бүкіл тергеу кезінде қолданылады. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровтың ұсталуын мысалға алайық. Онымен жасырын сөйлескен жайлар да видеода бар. Ал мұны өздерінен басқасы, яғни қолхат берген іске қатысушы басқа азаматтар жариялай алар ма еді?", – дейді сарапшылар.

Совет одағының сарқыншағы немесе шетел мысалы

Заңгер Абзал Құспанның айтуы бойынша, "тергеу құпиялығы" туралы осы бап совет одағынан қалған.

"Америкада 2020 жылы 46 жасар қара нәсілді Джордж Флойдты полиция қылмысқа сезікті деп ұстап, тізесімен қатты басып өлтіріп алды. ФБР тергеуі бірінші күн, бірінші сәттен бастап ашық жүргізілгені сонша, бүкіл әлем ол туралы ашық талқылап отырды. Біз де Қазақстанда талқылап отырдық. Бұдан ФБР-дың тергеу сапасы әлсіреп кетті деп ойламаймын. Бізде болса бәрі жабық, бәрі құпия. Әрине, бүкіл материалды ашып таста демейміз, бірақ қаңтар оқиғасы секілді қоғам үшін аса маңызды істе құқық қорғау органдары ондаған жылдар бойы қатып қалған кеңестік жүйеден шығып, қоғаммен ашық жұмыс істегендері жөн деп білеміз", – деді ол наурызда парламентте қаңтар оқиғасы барысын талқылаған жиында.

Ол сөзінің түйінінде жергілікті құқық қорғау органдары басшыларының тым құпия жұмыс істейтінін сынап, прокуратура органдарына кемшілікті түзетуді ұсынған.

Жуықта Еуропарламент депутаттары да қаңтар оқиғасын "жан жақты" тергеуге шақырды.

Қазақстанның тергеу бағытына Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының да көңілі толмайды https://www.hrw.org/news/2022/05/05/kazakhstan-no-justice-january-protest-victims.

Аталмыш ұйым жыл басында тергеуге халықаралық сарапшыларды қатыстыруды ұсынған. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда, референдумнан кейін журналистер алдында сөйдеген сөзінде, халықаралық сарапшылардың қажеті жоқ екенін айтып, "біз ашық әрі кәсіби атқарамыз" деп пікірін айтқан.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу