Абай облысының гербі жұртқа ұнамады

3147

Жаңа облыс еліміздегі ең кедей өңірдің бірі болмақ. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігінің әкімшілік шығыны бүкіл 1 облыстың шығысынан көп.   

Абай облысының гербі жұртқа ұнамады

Президенттің үш жаңа облысты құрғанына алдағы аптаның басында 2 ай толады. Тоқаев 2022 жылғы 4 мамырда "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Жарлыққа қол қойған. Дегенмен әлі күнге дейін Gov.kz арнайы порталында жаңа облыстардың ешқайсысының жеке сайты жоқ. Олар Facebook сияқты әлеуметтік желідегі парақшаларына қанағат тұтуда. 

Ол түгіл, жаңа аймақ басшыларының аппараты да толық қалыптасып үлгермепті. Мысалы, кеше ғана Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Абай облысы әкімінің аппараты басшысы лауазымына Жасұлан Сәрсебаев тағайындалды. Ол бұған дейін Даниял Ахметовтың командасында болды, ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды. Әкімнің орынбасарлары да енді ғана тағайындалуда.

Жаңа әкім қазір тізгіні өзіне сеніп тапсырылған аймақтың елді-мекендерін, маңызды объектілерін аралап, танысып жүр. Әзірге елді елең еткізетін, жалт қарататын маңызды мәлімдеме жасамады.  

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың командасы өңірдің орталығы Семей қаласының жаңа гербін қабылдаумен көзге түсті (облыстың гербі жоқ). Семей мәслихатының кезекті 25-ші сессиясында депутаттар шаһардың гербі мен оның толық сипаттамасын бекітті. Мұны Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов сүйінші сұрай жариялады. Алайда әкімқаралар күткендегідей халықтан қолдау мен оң реакцияға қол жеткізе алмады. Әлеуметтік желіде абайлықтар оның сипат-сықпытын сынап жатыр. 

Қалалық елтаңбаның авторы – қалалық Мәдениет сарайының қоюшы суретшісі Ерлан Әмірбек екен. Оның түсіндіруінше, гербтің жасыл жақтау-рамасының түсі табиғаттың, үйлесімділік пен тепе-теңдіктің символын білдіретін көрінеді, сондай-ақ қайта түлеумен байланысты. Жұрт болса, оны мұсылмандықтың белгісі деп түсінген.

Гербтің ішінде бақыт символы түріндегі ою-өрнекпен көмкерілген шаңырақ бейнеленген. Айқас төрт бөліктің (күлдіреуіштер) арасында кітап, қарағай, түйе және көпірдің сұлбасы бейнеленген. Бұл барлық төрт бөліктің теңдігінің дәлелін паш етеді дейді. 

"Кітап Семей қаласын Қазақстанның рухани-мәдени орталығы, Абай, Шәкәрім, көрнекті жазушы М.Әуезов сынды ұлы ойшылдардың отаны ретінде бейнелейді. Шаңырақтың сол жақ бөлігінде орналасқан қарағай суреті өңірдің табиғи бейнесінің ажырамас бөлігі. Семейде бірегей қарағай орманы орналасқан. Гербте жаңа көпіріміз көрініс тапты. Ол заманауи жетістіктердің көрсеткіші және Семей қаласының көрікті жері саналады. "Семей" атауы символдың төменгі жағында орналасқан және алтын әріптермен жазылған. "Бейбітшілік" аралының "Түйемойнақ" стелласындағы 7 қарлығаштың бейнесі – қазақтың қырық жылғы атом сынақтарын жеңгенінің айқын көрінісі саналады. Қазақ халқы үшін 7 саны қасиетті, көптеген ұғымдар, "Жеті ұрпақ", "Жеті Қара" және басқасы осы санмен байланысты", – деді автор. 

Қарлығаштардың шаңырақты айнала ұшуы "шексіздікті, қаламызға мәңгілік бейбітшілік пен келісім тілейді". Олар өз ұяларын бейбітшілік пен тыныштық орнаған гүлденген шаңыраққа салады. 

Қала әкімі Бақытжан Баяхметовтың байламынша, Семейдің жаңа гербінде қаланың рухани, тарихи, табиғи және заманауи келбеті көрініс тапқан.

Дегенмен пікір білдірген тұрғындар оны сынға алды. Адамзаттың кемеңгері атанған һәкім Абайдың есімін иеленген облыс орталығының таңбасы тым жұпыны көрінетін сияқты.  

"Бұл шынымен герб пе? Жаңа әкімнің креативі қайда? Кітап, көпір, ағаш. Басшылықта кеңес кезіндегідей ойлайтын тұлғалар отырғанын паш еткендей", – дейді Семей тұрғыны Александр Котенёв. 

"Абай облысы болғандықтан Абай Құнанбаевтың бейнесі сұлба түрінде болса да, сұранып тұрған сияқты. Мынау көзге сұйықтау көрінеді", – деген пікірде жергілікті тұрғын Күнай Омарова.

Кейбір азаматқа гербте түйенің көрініс табуы түсініксіз болды.

"Түйенің суретін салғаны несі екен? Малдың суретін салғысы келсе, жылқы бар емес пе? Қойдың суретін салса қолайсыз болатыны сөзсіз", – деп назар аудартты Иса Момбаев.

Шынында, еліміздің батысынан, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан айырмашылығы сол, Абай есімі ұлықталған Семей өңірінде түйе шаруашылығы қазір дамымаған. Жайылымдарда да Ойсыл қара түлегін ұшырастыру қиын.  

Семейліктер жергілікті атақты ақын Төлеужан Ысмайыловтың: 
"Арымызға жағылған кір, күйе көп,
Кейде бізді кекетеді "түйе" деп.
Ол да айтылған сөз шығар бір жүйемен,
Қу далада қой бақтық қой түйемен…", – деген өлеңінің жолдарын еске түсірді.

 "Жалғыз болса да, түйенің суреті керуенді меңзейтін болар? Тоғыз жолдың торабында тұрған қаланың бұрынғы гербінде де түйенің суреті болған", – деп еске салды тұрғын Айқын Жаназаров.

Бұл шындыққа келетін көрінеді. 

"Түйелер – ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей. Сондай-ақ ол ескі гербтің тарихи құндылығын бейнелейді. Революцияға дейін Семей қаласы Ресей мен Батыс Қытай қалаларының сауда орталығы болған және Жібек жолының бөлігі саналған", – деп түсіндіреді герб авторы Ерлан Әмірбек.

Жалпы Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының жеке бюджеті де жоқ болатын. Бұл істе де облыс ізашар болатынға ұқсайды. Облыс әкімдігі мен Абай облысының мәслихаты "2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы" шешімнің жобасын талқылауға шығарды.

Құжаттан жаңа облыстың қазынасы тым шағын екенін байқауға болады. Онда Абай облысының биылғы бюджеті 1 млрд 455,3 млн теңгені ғана құрайтыны көрсетілген. Салыстыра кетсек, Алматы қаласының 2022 жылғы бюджетінде тек қана қала әкімі аппаратының шығыны 2 млрд 225,1 млн теңгені құрайды. Ірі мегаполистің жалпы бюджеті 1 трлн 42,4 млрд теңгеге жетеді. Алматы – еліміздің басты доноры екені мәлім. 

Ал Абай облысының 1,4 млрд теңге шығысының барлығы – жергілікті салықтық түсімдер. Трансферттердің түсімдері деген графада 0 саны жазылған. Яғни, Абай облысы орталықтан қаражат алмайтын көрінеді, дотациялық емес облыс болады. 
Өңір бюджеті шығыстарының үлкен бөлігі – 558 млн теңгесі жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтерге кетеді. Яғни, облыс әкімдігін, облыстық мәслихатты, басқармаларды, бөлімдерді, меммекемелерді ұстап тұруға бағытталмақ. Облыстағы бiлiм беру саласына – 81,2 млн, денсаулық сақтау секторына – 69,8 млн, әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыруға – 137,7 млн, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 78,7 млн, мәдениет, туризм және ақпараттық кеңiстiктi ұйымдастыру қызметтеріне – 106 млн, спортқа – 32,7 млн, ауыл шаруашылығына – 62 млн, қоршаған ортаны қорғауға – 62 млн теңге бөлінген.

Негізі, Абай облысының бюджеті келесі жылы өспек. Шығыстары 2 млрд 748,8 млн теңгеге жетеді. Бірақ бәрібір республикалық бюджеттен трансферт қарастырылмаған.  

2024 жылғы облыс бюджеті 2 млрд 806,8 млн теңге көлемінде жоспарланған. Жаңа облыстың қордаланған ескі проблемалары бастан асады. Семей полигоны, одан зардап шеккендердің мәселелері сыртында, жайылымның жетіспеуі, дала өрттері, желу-электр орталықтарының тозуы, жолдардың нашар жағдайы, қаланың сұрықсыз сәулеті...

Мысалы, өзге түгіл, Семейдегі үйлердің тұрғындары үйінде пеш жағады. Содан таяуда облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қаланы аралағанда, Мелькомбинат тұрғындары бұрын болған орталықтандырылған жылу беру жүйесін қалпына келтіруді сұрады. 

"Үйлеріміз жылу беру жүйесіне қосылмаған. Бұрындары бізде орталықтандырылған жылу желісі де, ыстық су да болған. Ал қазір пеш жағамыз. Тұрғындар арасында қарт адамдар көп, отынды жоғары қабаттарға көтеріп шығару қиындық тудырады. Үйлер ағаштан салынған, кез келген уақытта өрт болуы мүмкін. Жақында осындағы пәтерлердің бірінде өрт оқиғасы тіркелді", – деді үй тұрғындары.

"Семей таңы" газетінің жазуынша, облыс басшысы бұл мәселе бақылауға алынатынын және алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізген. Ол тұрғындардан үйлерінің орталық жылу жүйесіне қосылуын күте тұруде сұрады. Пәтерлердегі пештерді бұзуға асықпаған жөн, себебі ұзақ жылдар бойы қордаланған осы мәселені шешуде біршама техникалық қиындықтар туындауы мүмкін екен.

Абай облысының құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, сондай-ақ Семей және Курчатов қалалары кірді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу