АҚШ Сириядағы ең ірі әскери базасынан сарбаздарын шығара бастады

223

Әскери техника тиелген ондаған жүк көлігі база аумағынан кетті.

АҚШ Сириядағы ең ірі әскери базасынан сарбаздарын шығара бастады Фото: B Shamlo / Global Look Press

АҚШ Сирияның солтүстік-шығысындағы Хасака провинциясында орналасқан Касрактағы соңғы әскери базасынан әскери күштерін шығаруды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, америкалық әскерилер Хасака провинциясындағы Телль-Тамер шебі маңында орналасқан Касрак базасын эвакуациялауға кіріскен. Әскери техника тиелген ондаған жүк көлігі база аумағынан шығып, колоннамен Ирак шекарасына қарай бағыт алған.

Al Jazeera телеарнасының жазуынша, бұл процесс бірнеше аптаға созылады деп күтілуде. БАҚ тілшісінің сөзінше, әскерилер әскери базадан шығарылып, Ирактың Күрдістан өңіріне бағытталып жатыр.

Соңғы бір ай ішінде АҚШ Сириядағы Шеддади және Ат-Танф аудандарындағы әскери нысандарынан да өз күштерін шығарған болатын. Қазір америкалық әскери қызметкерлер Румейлан, Хараб-Джир және Life Stone базаларындағы орналасу пункттерінде әлі де бар.

Ақпаратқа сәйкес, Хасака провинциясындағы Касрак базасынан кеткеннен кейін АҚШ Сириядағы әскери қатысуын толық аяқтауға дайындалмақ.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы АҚШ-тың Сирияда қалған шамамен мыңға жуық сарбаздан тұратын контингентін екі ай ішінде толық шығаруды жоспарлап отырғанын жазған еді.

Айта кету керек, бұған дейін АҚШ араға 10 жыл салып, Сириядан әскерін толық әкететінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу