Алдағы үш айда дамыған және дамушы елдерде де инфляция деңгейі жоғары болады

Әлемде азық-түлік бағасы шамамен 40%-ға қымбаттады. 

Алдағы үш айда дамыған және дамушы елдерде де инфляция деңгейі жоғары болады

Орталық банктер экономиканы дамытудың оңтайлы қырын іздеуде. Бұл туралы Қазақстан қыржыгерлер қауымдастығы әлем және ел экономикасындағы тенденцияларға шолуында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2020-2021 жылдары көптеген елдер қабылдаған ауқымды ақша-несие және фискалдық саясат экономиканың құлдырауын тежеуге және биылғы жылы экономиканы қалпына келтіруге ықпал етті. Алайда экономикалық бағдар дамыған елдер мен дамушы мемлекеттерде өзгеше болды. Біріншісі экономиканы монетарлық ынталандыру мен инфляцияны бақылау қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Ал Ресей, Қазақстан, Бразилия сынды дамушы елдердің орталық банктері жоғары инфляция және инфляциялық күтулердің өсуі жағдайында ақша-несие саясатын қатаңдату туралы шешім қабылдап, негізгі мөлшерлемелерді көтерді.

АҚШ-тағы өзгеріс әлем экономикасына ықпал етеді

АҚШ Федералды резервтік жүйесін ынталандыру бағдарламаларынан біртіндеп бас тарту туралы әңгімелер доллардың әлемдік валюталарға қатысты нығаюына және АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігінің артуына әкелді. Биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында доллар индексі 6,8%-ға өсіп, 89,2-96,9 базистік тармақ аралығында жылжыды, ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі осы уақыт ішінде 53,2%-ға артты.

Доллардың жаһандық нығаюы дамушы елдердің валюталарына, соның ішінде теңгеге қысым жасайды. Биылғы жылдың 11 айында мұнай бағасының айтарлықтай өскеніне қарамастан, ұлттық валюта 3,5%-ға әлсіреді. Ал Ресей рублі 0,2%-ға нығайды. Ішкі валюта нарығындағы сұраныстың артуы теңгенің нығаюын тежеп отыр.

Қор нарықтары ең жоғарғы көрсеткіштерге жетті

2021 жылдың қаңтар-қараша айларында АҚШ қор нарығының индексі S&P 500 қыркүйектегі түзетуге сәйкес 20,6%-ға, ресейлік қор нарығы 20,4%-ға, Қазақстанның қор нарығы – 37,7%-ға өсті. Соған қарамастан, нарықтардағы қалыпты түзету және құбылмалылық тәуекелдері сақталуда.

Алтын арзандады

Биылғы жылы бағалы металдар бойынша түзетулер байқалады. Қаңтар-қараша айларында нарықтағы алтынның құны 6,8%-ға, платина – 13,8%-ға, палладий – 28,8%-ға төмендеді. Алтын құнының төмендеуіне АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігі және доллардың нығаюы себеп болып отыр.

"Биылғы жылдың соңына дейін тауар нарықтарындағы құбылмалылықтың маусымдық өсуі жалғасады", – деп атап өтті Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары.

Қазақстанда 2022 жылы күтілетін экономикалық өсу қарқыны 3,9-4,0%-ды құрайды. Қызмет көрсету секторындағы өсуді қалпына келтіру, өндірістегі оның қарқынын сақтау, сауда балансын нығайту, өндіруші емес салалардағы инвестициялық белсенділік жалпы экономикалық өсуді ынталандырады.

Экономика министрлігінің болжамы бойынша 2022 жылы тауар экспорты 60,1 млрд доллар, импорт 40,8 млрд долларды құрайды.

"Ресурстық емес экспортты ұлғайту бойынша жоспарланған шаралар төлем балансының жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Экономиканы коронавирустық пандемия салдарынан сауықтыруға бағытталған қаржыландыру көлемін ескере отырып, 2021-2022 жылдарға республикалық бюджет тапшылығы тиісінше ЖІӨ-нің 3,5-3,3% деңгейінде болжануда. 2024 жылы бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,5%-ына дейін төмендету жоспарлануда", – деп жазылған шолуда.

Негізгі трендтер

Жаһандық экономиканың қалпына келуі жалғасуда. Бірақ COVID-19 пандемиясының шектеуші факторлары мен жаңа омикрон штамына байланысты даму қарқыны баяулады. Жаһандық дағдарысты еңсеруде сенімсіздік артып келеді. Халықаралық валюта қорының жаңартылған болжамы бойынша (2021 ж. қазан) әлемдік ЖІӨ өсімі 2021 жылдың соңына қарай 6%-дың орнына 5,9%-ды құрайды. Бұл дамыған және дамушы елдердегі экономикалық өсудің баяулауын көрсетеді. 2022 жылға арналған болжам 4,9% деңгейінде сақталып отыр.

Шикізат нарығындағы құбылмалылыққа қарамастан, шикізат бағасының өсуі дамушы экспорттаушы елдердің болашағына сенім ұялатады. Бұл ретте Халықаралық валюта қоры 2021 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,7%-ға өседі деп болжап отыр. Сонымен қатар биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан экономикасының қалпына келу қарқыны 3,8%-ға жетті. Бұл дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуымен және нақты сектордағы өндірістің тұрақты өсімімен түсіндіріледі. ХВҚ, Ұлттық экономика министрлігі 2022 жылы Қазақстан экономикасы 3,9% деңгейінде өседі деп болжап отыр.  

Көптеген елдерде ұсыныс тапшылығы және шикізат бағасының жылдам өсуі инфляцияның жеделдеуіне себеп болды. Азық-түлік өнімдері (май, астық, сүт өнімдері және т.б.), сондай-ақ қызметтер (көлік, коммуналдық қызметтер және т.б.) айтарлықтай қымбаттады. Халықаралық валюта қоры мәліметінше, әлемде азық-түлік бағасы шамамен 40%-ға қымбаттады. Бірқатар дамушы елдерде импорттық тауарлар бағасының өсуіне байланысты баға қысымы күшейіп келеді.

Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда инфляция 2021 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. ҚР ҰБ биылғы жылға инфляциялық күтулері 8,5-8,7%-ды құрайды. Болашақта сыртқы инфляциялық жағдайлардың жұмсаруы және инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыру есебінен 2022 жылдың соңына қарай инфляция 6-6,5%-ды құрайды деп күтілуде. Сонымен бірге ХВҚ алдағы үш айда дамыған елдерде де, дамушы елдерде де инфляция жоғары деңгейде сақталады деп болжайды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу