Алдағы жексенбіде Украинадағы соғыс мәселесі шешілуі мүмкін

17897

Фейктер – 2024 жылғы әлем экономикасына төнген басты бір қауіп деп танылды. 

Алдағы жексенбіде Украинадағы соғыс мәселесі шешілуі мүмкін Фото: mk.ru

Сонымен қатар биыл дүниежүзінде сайлаулардың тым көп өтуі де жаһандық экономикаға залалын келтіруі мүмкін.

Алдағы дүйсенбіде, 15 қаңтарда Швейцарияның Давосында Дүниежүзілік экономикалық форум өтеді. Оның қарсаңында, 14 қаңтарда мұнда Украина Президенті Владимир Зеленскийдің "Бейбітшілік формуласын", яғни Ресейді бітімге мәжбүрлі түрде көндіру шаралары бойынша кең ауқымды кеңес-консультациялар өтетін болады.  

Сондықтан "Давос форумы - 2024" құрылтайын Швейцария армиясы күзетіп, қорғайтын болады. Осы мақсатта елдің Қарулы күштерінің жауынгерлері Давос тау курортына келе бастады. Бұл туралы швейцариялық Swissinfo агенттігі хабарлады.

Ел Парламенті жаһандық құрылтайға қатысушыларға қорған болуы үшін 5 мың солдатты бөлді. Жалпы алғанда форум 5 күнге созылады. "Давос - 2024" операциясына жұмылдырылған әскерилер курорт қаламен шектелмей, Швейцарияның сонымен шектес өзге де өңірлерінде орналасып жатыр. Оларға Давосқа әуеден шабуыл жасалуына тосқауыл қою, сондай-ақ логистикалық қолдау көрсету сияқты түрлі міндет жүктелді.

Әлемнің кілең ығайы мен сығайы, 60 елдің лидерлері жиналатын жерге әуеден соққы жасалмауы үшін елдің әскери әуе күштері де жоғарылатылған дайындық жағдайына келтірілді.   

Давос форумынан халықаралық қоғамдастық, сарапшылар әлемнің, соның ішінде геосаясат пен экономиканың дамуының негізгі бағыттарын айқындауын, адамзат болашағына қатысты реалистік болжамдарды түзуін, жаһандық дағдарыстарға, қақтығыстарға бірлесе қарсы тұру жолдарын белгілеуін күтсе керек.

Сондықтан ұлы құрылтай қарсаңында Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) әр салаға маманданған білікті халықаралық 1490 эксперттің арасында сұрау салып, жаңа басталған жылда және осы онжылдықта төрткүл дүниеге төнетін жаһандық басты қауіп-қатерлерді, сондай-ақ олардың ықтимал ықпалының ауқымын анықтауды сұрады.

Бұл зерттеу қорытындысында ДЭФ Global Risks Report баяндамасын жариялады.

Зерттеу авторлары атап өткеніндей, барлық дерлік елде инфляцияның өсуіне және экономикалық өсімнің баяулауына соқтырған COVID-19 пандемиясы аяқталғаннан кейін жаһандық басты қатерлердің ТОП-20 тізімі өзгерді.

Жасанды зерде адамзатты жарға жыға ма?

Рейтингті климаттың өзгеруі мен табиғи катаклизмдер бастады.

Ал екінші тұғырдағысы таңдандырады. Сарапшылар әлем мен адамзатқа келген басты сын-қатердің бірі ретінде "дезинформацияны және жасанды зерде тудыратын фейктерді" атады.

ДЭФ сарапшыларының пікірінше, халықтардың өз биліктеріне, тиісінші мемлекеттік ресми органдарға деген сенімінің тоқырауы жалған ақпараттардың тез тарап, қоғамдық пікірді жаулауына жол ашады. Бұған көптеген азаматтардың сауатын ашуға, дұрыс ақпаратты іздеуге мән бермейтіні, жалқауланып, мойны жар бермейтіні де себепші.

Ірі қауіп-қатерлер қатарына әлеуметтік жіктелу, поляризациялану, қарулы қақтығыстар, кибершабуылдар, технологиялық сипаттағы қауіптер және өзгесі қосылды.

"Жер ғаламшары температурасының рекордтық көтерілуінің салдарлары барған сайын ауырлап, аса залалды, орасан зиянды бола түсуде. Адамдардың өмірінің құны құлдырады, бұл бүкіл әлем бойынша адамдардың өмір сапасын арттыруды күрделендірді. Таяу Шығыстағы шиеленістің эскалациялануы әрі қарай әлдеқайда ауқымды өңірлік қақтығысқа дейін кеңеюі мүмкін", – делінген баяндамада.

Сарапшылар түрлі соғыстардың емес, экстремалды табиғи құбылыстардың неге рейтингтің ұшар басына шыққанын түсіндірді. Өйткені жекелеген пленатарлық жүйелердегі өзгерістер ұзақмерзімді және кері қайтпайтын, орны толмайтын сипат ала бастаған. Мемлекеттер мұндай сын-қатерлерге дайын емес және әзірленіп те жатқан жоқ. Тек қана салдарлармен күрес жүруде.

Бұрын жері шүйгін, шұрайлы болған елдер болашақта шөл далаға айналуы мүмкін. Жер сілкіністері, цунамилер, теңіз деңгейінің көтерілуі, өзге де зұлматтар тұтас қалаларды, мегаполистерді жоқ қылуы мүмкін.

ДЭФ сарапшылары жаһандық жылынудың "қауіпті межесіне" адамзат бұрынғыдан да жылдам, 2030 жылдардың басында жетеді деп болжайды. Мемлекеттер болса, тек бүгінгі күнмен өмір сүруін жалғастырды.

"Экстремалды табиғи құбылыстардың қатеріне қатысты сарапшылар бірауызды тоқтамға келді. Бұл ретте биоәралуандылықтан айрылу, тұтас экожүйелердің күйреуі сияқты климатпен байланысты қатерлердің мерзімдеріне қатысты ғана пікір алшақтығы туындады. Оның үстіне бұл қатерлерге алаңдаушылық жас респонденттер арасында айтарлықтай жоғары болып шықты. Бұл жағдай климаттағы өзгерістерге ден қоятын маңызды, салмақты шаралар аға ұрпақ тұсында жүзеге аспай, жастар дәуіріне қарай ысырылуы мүмкін деген қауіп тудырды", – деп пікір білдірді ДЭФ сарапшылары.

Табиғи теріс құбылыстардың негізгі соққылары кейінірек болады деп күтіледі, әзірге Жер планетасы адамның тұруына жарамды. Ал фейктер болса, адамзаттың өмірін қазірден улауда. Сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы дезинформация ауқымы бұрын-соңды болмаған ауқымға жеткенін айтады.

Баяндамада кем дегенде келесі 2 жыл бойы түрлі субъектілер дезинформацияны "әлемдегі немесе нақты бір ел ішіндегі әлеуметтік және саяси алауыздықты өршіту үшін" кең қолданатыны ескертілген.

Салдарынан, қандай да бір елде төңкерістер, қарулы қақтығыстар ошақтары пайда болуы, билік тарапынан демократия тұсалып, цензура енгізілуі, сөз және жиналыс еркіндігі шектелуі ықтимал.

Мұның экономикаға да тікелей әсері бар. Цензураға ұрынған үкіметтер экономикаға қатысты шынайы ақпаратты жасырып, құпияландырады. Салдарынан, сарапшылар нақты бір елдегі және жалпы әлемдік экономикадағы ахуалды дұрыс бағалай алмайды, тиісті қарсы шаралар мен бағдарламаларды лайықты түзуге қабілетсіз болады. Бұл жаһандық дағдарыстың өршуіне, рецессиялар мен дефолттардың тәуекеліне бастайды.

Сарапшылар жалған ақпараттың кең таралу қаупін жасанды зерде (ЖЗ) өрістеткенін қаперге салды. ЖЗ-ның ұшан-теңіз әлеуетін қаскүнемдер пайдалана бастады. Қазірдің өзінде жасанды интеллект жаһандық ақпараттық жүйелерді жалған деректермен толтырып жатыр.

Қоғамдардың әрі қарай поляризациялануы қаупі де дезинформациямен өзара байланысты. Постпандемиялық заманда әсіресе, саяси алауыздық өршіп, мемлекеттер мен халықтар арасына жік түсуде. Оған экономикалық қиыншылықтар мен адамдардың тұрмысының төмендеуі үстемеленді.

Давосқа АҚШ, Қытай және Украина ірі делегация аттандырады

ДЭФ сарапшылары әлемдік қауіп-қатерлерді сайлаулар күшейтетініне назар аудартты. inbusiness.kz осының алдында 2024 жылы планета халқының жартысынан көбіне, немесе 4,2 миллиардтан астам адамға сайлау учаскелеріне барып, өз өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келетінін жазған болатын. Бұл – әлем тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

АҚШ, Үндістан сияқты ірі экономикаларды қоса алғанда, 76 мемлекетте түрлі сайлаулардың өту барысы және қорытындылары түрлі қауіптердің, наразылықтардың туындауы мүмкіндігін арттырады.

Жыл басында Ресейдің Украинаны тізе бүктірмей тоқтамайтынын жариялауы, Израильдің Газа секторындағы соғысын аяқтаудан бас тартуы, Ливанға шабуыл, АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменге соққы беруі, Эквадордағы, Папуа-Жаңа Гвинеядағы қарулы қақтығыстар және басқасы соғыстардың биыл қанат жая бастағанына хабар береді. Қарулы шиеленістердің эскалациясы жаһандық қауіп-қатерлер тізімінде "2024 жылы әлемдік экономикаға тигізетін зиянының ауқымы" жөнінен – 8-орынға, қауіп-қатерінің салмақтылығы жөнінен – 5-орынға шықты.

Осының бәрі адамзаттың болашағын жарқын емес, бұлыңғыр, бақуатты емес, тоқыраулы, бейбітшіл емес, беймаза еткелі тұр деген үрейлі болжам бар.

Сол себепті Давосқа жиылған мемлекеттер мен түрлі сала лидерлері адамзат өмірін жақсартудың жолдарын іздеуге тиіс. Таба алса, әрі оларды жүзеге асыра алса, игі.

Бизнес көшбасшылары, саясаткерлер, "экономика капитандары", океанограф, аты әлемге мәшһүр модельер мен хореограф: биылғы 54-ші Дүниежүзілік экономикалық форумға шақырылған қонақтардың арасында кім жоқ дерсіз?! Жалпы алғанда, 120 елден 2 800-дей делегат қатысады. Оған Қазақстан да шақырылды.

Давосқа 60 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшылары, 40 сыртқы істер министрі келеді. Форумды ұйымдастырушылар бұл жолғы құрылтай "соңғы бірнеше онжылдықта бұрын-соңды болмаған төтенше күрделі геосаяси және геоэкономикалық ауанда өтіп отырғанын" мәлімдеді.

Ең ірі делегациялардың бірі Украинадан келеді. Оны Президент Владимир Зеленскийдің өзі бастап келмек. Ол Давос форумына алғаш рет оффлайн қатысады.

Жексенбіде, ресми сессияның басталуынан бір күн бұрын әртүрлі елдер лидерлерінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі 70-тей кеңесшісі Украина ұсынған "Бейбітшілік формуласын" талқылау үшін бас қосады. Бұл алқалы жиынды Украина мен Швейцария үкіметтері бірлесіп ұйымдастыруда.  

Сарапшылар бұдан қандай нақты нәтиже шығатыны әзірге белгісіз екенін айтады. Оның үстіне жабық жиынға Ресей қатыспайды. Жалпы, ДЭФ-2024-ке бірде бір ресейлік ресми делегат пен бірде бір ресейлік компания шақырылмаған екен.

Былтырғыдан ерекшелігі сол, бұл жолы әлемді билеп-төсеуге ұмтылған қос алпауыт – АҚШ пен Қыстай Давосқа жоғары деңгейдегі делегацияларын аттандырады. Әрине, Джо Байден мен Си Цзиньпинь келмейді. Дегенмен, мәртебелі меймандар тізіміне Қытайдың Премьер-Министрі Ли Цян кіріп отыр. Ол Давос форумына 2017 жылдан бері қатысатын шың елінің ең биік лауазымды басшысы болмақ.

Ал АҚШ Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан бастаған салмақты делегацияны жолдады.

Президенттер арасынан Аргентинаның таяуда ғана сайланған лидері Хавьер Милейді көруге болады.

Әлем алдағы бес күн бойы Швейцария жаққа көз тігіп, құлақ түретін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу