Алған несие көбейіп, салған депозит азайып барады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2958

Қазақстанның депозит пен несие нарығында шетел валютасына қарағанда ұлттық валюта "белсенді".

Алған несие көбейіп, салған депозит азайып барады

Аз болса да ақшасын теңгемен жинағысы келеді
Бас банктің хабарлауынша, соңғы бір айда қарапайым халық пен заңды тұлғалардың банктерге сақтаған қаражаты азая түскен. Дегенмен, жеке тұлғалардың теңгемен ашқан депозиттерінде өсім байқалады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметінше, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың жинаған депозиттерінің көлемі 2018 жылғы ақпанның соңында 16 898,3 млрд теңге болған. Бұл өткен айдағы көрсеткіштен 1,3%) аз. Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 2,2% азайып, 8 867,7 млрд теңгені құраса, жеке тұлғалардың салымы 0,3% төмендеп, 8 030,7 млрд теңгеге теңескен.

Ал валюта түрі бойынша салынған депозиттің ішінде теңгедегі қаржы бір айда 0,9% азайып, 9 263,9 млрд теңге болса, шетел валютасындағы жинақ 1,8% қысқарып, 7 634,4 млрд теңге болған. Соның ішінде доллармен салынған депозит көлемі 0,2% азайып, 45,4%-ды құрап отыр.

Теңгемен депозит ашуға заңды тұлғалардан гөрі жеке тұлғалар құлықты көрінеді. Мәселен, заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 5 248,5 млрд теңгеден 3,1% азайса, шетел валютасындағы жинағы 0,9% кеміп, 3 619,2 млрд теңге болып отыр. Өз кезегінде жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 2% ұлғайып, 4 015,5 млрд теңгеге жетсе, шетел валютасымен жинаған ақшасы 2,6% қысқарып, 4 015,2 млрд теңгеге теңесті.

Бас банктің хабарлауынша, мерзімді депозиттер көлемі бір айда 1%-ға қысқарып, 11 651,7 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютамен салымдар 6 250,5 млрд теңге, шетел валютасымен – 5 401,2 млрд теңге болды.

"Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,4% (2017 жылғы желтоқсанда – 8%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,5% (11,7%) болды", – деп хабарлайды Ұлттық банк.

Несие нарығының қозғаушы күші – жеке тұлғалар
Банктердің экономиканы несиелеу көлемі соңғы бір айда айтарлықтай өзгермей, 12 546,6 млрд теңге көлемінде сақталып отыр.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2018 жылғы ақпанда заңды тұлғаларға берілген несиенің көлемі 0,2% төмендеп, 8 006,3 млрд теңге болса, жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 0,4% көбейіп, 4 540,3 млрд теңгеге жетті.

Соның ішінде ұлттық валютамен берілген несие көлемі бір айда 0,3% ұлғайып, 9 346,2 млрд теңгеге жетті. Олардың ішінде құрылымында заңды тұлғаларға берілген несие көлемі өзгерген жоқ, ал жеке тұлғаларға берілген несие 0,6%-ға ұлғайды.

Ал шетел валютасымен берілген несие көлемі 0,8% азайып, 3 200,4 млрд теңге болса, соның ішінде ішінде заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 0,6%-ға, жеке тұлғалардікі 3%-ға азайды.

Теңгемен несиелендіру көлемі жалпы несие нарығындағы үлесін 74,3%-дан 74,5%-ға дейін ұлғайтты.

"Ұзақмерзімді және қысқамерзімді несиелеу көлемі өзгерген жоқ және тиісінше 10 684,8 млрд теңгені және 1 861,8 млрд теңгені құрап отыр. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 2,1%-ға азайып, 2 719 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы экономиканы несиелендірудің 21,7%-ын құрайды.

Салалар бойынша банктердің экономикаға берген несиелерінің ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 15,6%), өнеркәсіп (15,3%), құрылыс (7,3%), ауыл шаруашылығы (5,3%) және көлік (4,4%) сияқты салаларға тиесілі", деп жазады Ұлттық банк.

Сонымен қатар, 2018 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,9% (2017 жылғы желтоқсанда – 13,2%), жеке тұлғаларға – 19,4% (19,2%) болғаны туралы мәлімет бар.

Айта кетерлігі, берілген несиедегі әр 10 теңгенің 1 теңгесі, нақтырақ айтар болсақ, несие портфелінің 9,95 пайызы нашар несиелер. Яғни 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар екен.

Депозиттің азаюы банк секторын "кедейлендірді"
Елдегі 32 банктің жиынтық активтері 2018 жылғы 1 наурызда 23 607,2 млрд теңгені құрап отыр. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 2,3% аз.

Активтердің құрылымында ең көп үлесті несиелер (56,0%), одан кейін бағалы қағаздар (22,5%) иеленсе, қалған 13,7% қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға тиесілі.

"Өз кезегінде банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2018 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 20 619,2 млрд теңгені (төмендеу жылдың басынан бері 2,4%) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 79,9%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 6,3%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 3,0% иеленеді", деп хабарлайды бас банк.

Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда 5,6%-дан 5,5%-ға дейін (1 134,6 млрд. теңгеге дейін) төмендеген.

2018 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-ақпан ішінде 1,4%-ға ұлғайып, 2 988,1 млрд. теңге болды.

Сонымен қатар, таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан артуы) 145,1 млрд. теңгені құрады.

"Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2018 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша тиісінше 5,27% және 4,25% болды", делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу