Қазақстан халқының кредит тарихы Ресейге қолжетімді болады

4019

РФ Үкімет басшысының "Ресейліктер енді Қазақстанда еркін қарыз ала алады" деген мәлімдемесі шын болып шықты, деп жазады Inbusiness.kz.  

Қазақстан халқының кредит тарихы Ресейге қолжетімді болады

Кредит тарихы алаяқтарға дем береді

Кейінгі кезде кредит тарихтарына қатысты былық жайы көп сөз болып жүр. Себебі олардың бір ретке келтірмеуі кесірінен бөтен біреулер бейғам азаматтардың үстінен қаптатып несие алуда.

Бұл даулы мәселенің дүбірі Ақордаға дейін жетті. Президент Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кешегі VI отырысында Үкіметке осы саланы тәртіпке келтіруді тапсырғаны мәлім.

Биылғы 9 айда өзгенің атынан заңсыз несие алудың 32 мың алаяқтық дерегі тіркелді. Жартысы интернет арқылы, онлайн рәсімделген.

Себебі азаматтың несие рәсімдегені туралы мәліметтер кредиттік бюроға тек 15 жұмыс күні ішінде түседі. Алаяқтар осыны пайдаланады. Салдарынан қазақстандықтар қаскөйлердің кредит рәсімдеп қойғанын тым кеш біліп, сан соғады. Дәл осы олқылықты қажетіне жаратқан кейбір қарау ниетті жандар бірінен соң бірінен – бірнеше банктен қатар несие алады. Ол адамның қасақана қарыз қордалап жатқанынан банктер де бейхабар болады. Яғни алаяқтар кредит тарихын азаматтарды да, банктерді де алдауға пайдаланатынға ұқсайды.

Бұл схеманы әсіресе, Қазақстаннан шетелге, Ресейге көшіп жатқан қос азаматтығы барлар қолданатыны жасырын емес. Әрине, бұдан комбанктер үлкен шығынға отырмайды. Залалдың бір бөлігін сақтандыру компаниясы өтеп береді, қалған сома қымбаттаған комиссия, пайыздық мөлшерлеме түрінде басқа борышкерлердің иығына артылады.

Кредиттік тарихқа қатысты кемшіліктер "бір адамның түрлі банктен бірнеше несиені рәсімдеу фактілеріне" соқтырғанын Мемлекет басшысы да ашық айтты.

"Несие берушілер азаматтардың берешегі жедел өсіп бара жатқанын дер кезінде байқай алмаған соң, борышкердің қаржылық міндеттемесін нақты есептей алмайды. Оның үстіне бұл қайтарылуы екіталай несиенің ауқымын ұлғайтып, қаржы нарығы субъектілеріне кері әсер етеді", – деген Қ. Тоқаев Ұлттық кеңес мүшелері қолданыстағы заңды өзгертіп, кредиттік бюроға ақпарат беру мерзімін 1 жұмыс күніне дейін қысқартуды ұсынғанын айтты және Үкіметке оны зерделеуді жүктеді.

Заң бойынша Қазақстан азаматтары жылына бір рет кредиттік бюроға жүгініп, өз атында несиенің бар-жоқтығын туралы тегін анықтама ала алады. Алайда кейбір адамдар осы қызметті тегін пайдалана алмауда. Себебі олардың атынан анықтаманы үшінші тұлғалар алып қойыпты.

"Соңғы рет 2 жыл бұрын eGov арқылы дербес кредиттік досьемді сұратқанмын. Жақында "Бірінші кредиттік бюродан" қайтадан сұратайын десем, бұл тегін қызмет маған қолжетімсіз болып шықты. Порталдың түсіндіруінше, 17 ақпанда сұрау жасалыпты. Менің несие тарихыма кімнің қызығушылық танытып, сұрау жолдағаны белгісіз, көрсетілмеген", – дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны, қоғам белсендісі Балқия Бисенғалиева.

Ол халықтың интернет алаяқтықтан қорғалмағанын, мысалы, әлдекімдер оның қызының атына "Коke.kz" арқылы 1566% (!) жылдық тиімді ставкамен заем рәсімдегенін жеткізді. "Несиесінің" барын қызы қарызы "Эксперт плюс" коллекторлық агенттігіне берілгенде бір-ақ білген.

Өз мойнында "кездейсоқ" кредиттердің жазылып тұрмауын тексергісі келген кейбір адамдар ұқсас қиындыққа тап болыпты. Оларға енді бұл қызметті ақылы алуға тура келеді. Ондай 1 есеп 400 теңге тұрады.

Қалай болғанда, кредит тарихын білу, дербес кредиттік есепті алып отыру азаматтарға жалған рәсімделген несиеге дер кезінде ден қойып, әрекет ету үшін қажет. Жалпы алғанда, кредиттік тарихы бүлінген қазақстандықтар көп. Бүгінде 540 мың азаматта төлем енгізілмегеніне 90 күннен асып кеткен жалпы сомасы 354 миллиард теңге "улы" несие бар.    

Әлихан Смайыловты Асқар Мамин ауыстырды

Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ отандық бизнесмендер мен компанияларға қатысты осындай деректер енді Ресейге де, өзге одақтастарымызға да қолжетімді болады. ЕАЭО мемлекеттері "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы" уағдаласты. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың түсіндіруінше, бұл құжат одақ елдерінің азаматтары мен кәсіпкерлері осы елдердің кез келгенінде несие ала алуы үшін қажет. Бұл – одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жолындағы кезекті қадам болуы мүмкін.

"Келісімге қол қою Еуразиялық одақтың бірыңғай қаржылық нарығында трансшекаралық несиелендіруді дамытуға жағдай жасайды. Бұл үшін ЕАЭО аумағында жұмыс істейтін кредиттік ұйымдар одаққа мүше әрбір елдегі несиелік ақпаратқа қол жеткізуі және өзара алмаса алуы қажет. Осы арқылы олар басқа мүше мемлекеттің резидентін несиелендіру туралы лайықты шешім қабылдай алады, өз тәуекелдерін дұрыс бағалау мүмкіндігіне ие болады", – деп қысқа ғана жауап берді қаржылық реттеушінің басшысы.

М. Әбілқасымованың айтуынша, бұл келісімді іске асыру үшін Қазақстанның кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына "кредиттік тарихтардың құрамына кіретін мәліметтерді трансшекаралық алмасу ерекшеліктеріне қатысты мәселелер", яғни отандық досьелерді шетелге беру бойынша толықтырулар енгізу қажет болады.

Айтпақшы, республика бұл келісімді бекіту мәртебесін көтеруге ұйғарыпты. Әйтпесе, ел Үкіметінің 2021 жылғы 4 қазандағы қаулысына сәйкес, одақтық құжатқа Қазақстан атынан бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов қол қояды деп шешім қабылданған. Тиісінше, Әлихан Асханұлына келісім жобасына принципті сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге де уәкілеттік берілді. Енді оның бұл уәкілеттігі жойылды. Қаржылық реттеу агенттігінің хабарлауынша, "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімге ҚР Үкіметі атынан Асқар Маминнің өзі қол қояды".

Барлық 5 елде кредит рәсімдеуге жол ашылады

Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустиннің мәлімдеуінше, ЕАЭО елдері кредиттік тарих алмасу туралы келісімге 2021 жылдың соңына дейін қол қояды.

"Биылғы жыл соңына дейін одақ аясында кредиттік тарихтар алмасу тәртібі туралы келісім бекіту жоспарланып отыр. Осының арқасында біздің азаматтарымыз, бизнесіміз, компанияларымыз Еуразиялық одақтың барлық 5 мемлекетінде кредит рәсімдеуге мүмкіндік алады. Ал банктер өз кезегінде заемшының мәліметтерін сұрау жолдау арқылы тексере алады", – деді М. Мишустин.

Бұрындары ресейлік компаниялар Қазақстанда ірі несие алу үшін елде өкілдігін не бөлімше-филиалын құратын. Болмаса, кепілгер-гарант іздейтін. Мына келісім күшіне енген соң оған қажеттілік қалмайды.

Сөз болып отырған келісімнің жобасын одақтың ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2020 жылғы қыркүйекте қарап, мақұлдады. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, құжат жобасын ресейлік мүдделі ведомстволармен бірге РФ Қаржы министрлігі былтырғы жыл соңына қарай әзірлепті. Содан бері келісім жобасын мүше елдер талқылап, пысықтаған.

Құжаттың қазақша ақырғы нұсқасын Қаржы нарығын реттеу агенттігі бүгін қоғамдық талқылауға шығарды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның түсіндіруінше, құжат одақ елдеріне берілетін азаматтарымыз бен заңды тұлғаларымыздың кредиттік тарихы туралы досьеде қандай мәліметтер болатынын, оны алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын бекітеді. Бұған қоса, ол шетелде кредит рәсімдеу кезінде қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен жеткізушілердің заңды мүдделерін, құқықтарын қорғау қағидаттарын айқындайды. Мысалы, құжатта шет мемлекет несиелік есеп алуы үшін "кредиттік тарих субъектісінің келісімі болуы қажет" екені жазылған.

Келісімнің орындалуын Ресей мен Арменияның орталық банктері, Беларусь пен Қырғызстанның ұлттық банктері, Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды.

Трансшекаралық алмасу кезінде пайдаланылатын стандарттарды, техникалық хаттамаларды, берілетін деректердің форматтары мен құрылымдарына қойылатын талаптарды Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық комиссия әзірлейді және оның кеңесі бекітеді.

Кейбір ел, айталық, қырғыздар не армяндар кредиттік тарихты мемлекеттік тілінде жүргізуі мүмкін. Осыған орай келісімде трансшекаралық алмасу кезінде оның "орыс тіліне куәландырылған аудармасының" болуы талап етілмек. Бұл проблема Қазақстанға қатысты болмаса керек, бізде кредиттік тарих онсыз да негізінен, орыс тілінде жүргізіледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу