Алматыда 3 млрд теңгеге салынған мектеп қабырғасы қақырап құлағалы тұр

1996

Алматыдағы №202 мектеп-гимназияның құрылысына бюджеттен 3 014 896 820 тенге бөлінген. Ол 2021 жылы қолданысқа берілген. Пайдаланғанына екі жыл болса да ғимараттың жағдайы қауіпті. 

Алматыда 3 млрд теңгеге салынған мектеп қабырғасы қақырап құлағалы тұр

Бұл туралы Facebook парақшасында "Әділдік жолы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мердігерлерден мектепті Алматы қалалық Жайлы қала ортасы басқармасы 2021 жылдың 21 қаңтарында қабылдап алған.

Дидар Смағұловтың жазуынша, бүкіл ғимаратты бойлай кереге екіге айырыла бастаған. Кей жерлерінде кереге тіпті 10 см дейін қақырап кеткен.

Мектеп ғимаратын екіге айырып тұрған бұл кемшілікті көрсетпеу үшін мердігерлер оның бетін кабель каналмен жауып қойған.

Бұл жағдайды бірінші болып байқаған мектептің қазіргі директоры "Әділдік жолы" Республикалық қоғамдық бірлестігіне жүгінген. Қоғамдық бірлестік жағдайды толық бағамдау үшін және мердігерлер жұмысының кемшілігін дәлелдеу мақсатында тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгініпті.

"Мердігерлердің жұмысын бағалау үшін, мектеп құрылысына пайдаланылған тауарлар сметасына сараптама жүргіздік. Мердігердің құрылыс жүргізуі бойынша сараптама жүргізілген жоқ. Өйткені бізге қылмыстық іс қозғау үшін ілік табу керек болды. Ал қылмыстық іс қозғалса, сараптама да тағайындалады. Біздің бұл жоспарымыз ойлағанымыздай болды. Тәуелсіз сараптама 108 млн теңгенің айырмашылығын анықтады. Бір заттың орнына басқасын қойған немесе ақшасын төлеп сатып алған құралды орнатпаған немесе тіпті құжатта көрсетілген құрал-жабдықты сатып алмаған. Біз осы сараптаманы алғаннан кейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағым түсірдік", – дейді Дидар Смағұлов.

"Әділдік жолы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов редацияға тәуелсіз аудитор жүргізген тексерудің есебін ұсынды. Құжатқа сәйкес, 1 200 орындық мектептің жоспарлы-сметалық құжатын әзірлеуге 42 млн теңге аса қаражат жұмсалған. Мектептің құрылысы үшін "Алматы қалалық жайлы орта басқармасы" мен "Астана-Құрылыс" Ұлттық құрылыс компаниясының арасында 3 млрд 62 млн 803 мың 544 теңгеге мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт жасалған. Мектеп құрылысы аяқталғаннан кейін, Алматы қалалық жайлы орта басқармасынан мектеп ғимаратын Алматы қалалық Білім беру басқармасы қабылдап алған. Тиісті құжат – Қабылдау алу актісінде құрылыс құны 3 млрд 014 млн 896 мың 820 теңге деп көрсетілген, оның ішінде 417 млн 663 мың 352 теңгеге мектепке құрал-жабдық алынған.

"Әділдік жолы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің тапсырысымен жүргізілген сараптамада осы Актіде көрсетілген мүлікті салғастыру барысында "Standart-Audit" ЖШС компаниясы бірқатар айырмашылықты анықтаған.

Атап айтқанда, сметалық құжатқа сәйкес мектепке әрқайысының құны 529 464 теңге тұратын, жалпы құны 35 474 088 теңгеге 67 интерактив тақта орнатылуға тиіс. Ал іс жүзінде бір данасының құны 2,6 млн теңге 30 интерактив тақта орнатқан. Сметада көрсетілген сомадан айырмашылық 44 млн теңгеге жуықтаған. Сондай-ақ мектепке әрқайсының құны 174 107 теңгені құрайтын 100 ноутбук берілуі тиіс болған. Ал Акті-ге сәйкес іс жүзінде әрқайсы 188 295 теңге тұратын 10 ноутбук берілген. Сметамен айырмашылық 15,5 млн теңгені құрапты.

Аудиторлық есепте 12 пункт және 9 қосымша пункт бойынша бұзушылықтар көрстілген.

"Бұған дейін бірнеше ай бойы құзырлы органдарға жүгінгенімізбен еш нәтежие шықпады деп жазды", – дейді Дидар Смағұлов Facebook парақшасында.

Дегенмен "Әділдік жолы" РБҚ атқарушы директорының Facebook-тағы жазбасынан кейін Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен тексеру басталатыны туралы хабарлапты.

"Әділдік жолы" РБҚ мемлекеттік сатып алулар саласындағы заң бұзушылықтарды анықтаумен айналысып келеді. Биылғы он ай ішінде бірлестік анықтаған бұзушылықтар бойынша 450 әкімшілік айыппұл салынып, 35 қылмыстық іс қозғалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу