Алматыдағы Алғабас пен Теректі ықшам аудандарын тағы да су басуы мүмкін бе?

Тұрғындар арық жүйесінің бойындағы жерлер заңсыз сатылған, мұнда құрылыс салынбауы керек екенін айтады.  

Алматыдағы Алғабас пен Теректі ықшам аудандарын тағы да су басуы мүмкін бе? Фото: time.kz

Күздің жаңбыры басталғанда Алматыдағы Алғабас пен Теректі ықшам ауданы тұрғындары үйлерін су баса ма деп қорқады. 

Іnbusiness.kz тілшісіне хабарласқан тұрғындардың айтуынша, табиғи апаттың алдын алуға арналған жерлер жеке тұрғын үй құрылысына беріліп кеткен. Сондықтан ағынды су арнасынан асып, барлық ауданға жайылуы мүмкін. 

Ықшам аудан тұрғындарының бірі Александр Веденко дренаждық жүйе 1953 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану үшін салынғанын жеткізді. Оның сөзінше 2000 жылы Ақсай ауылдық округінің әкімі жер телімдерін сатуға қойған, кейін мұнда жеке тұрғын үй құрылысы басталған. 

"Дренажды канал аймағынан жер сатылатынын білген тұрғындар бұған қарсы болып, сотқа жүгінді. 2006 жылы Қарасай аудандық соты белгіленген жерде санитарлық нормалар орнатыла отырып, су бұру каналының арнасын бастапқы күйіне келтіруді міндеттеді. Сонымен қатар, жерді жекешелендіруді заңсыз деп таныды", – дейді ықшам аудан тұрғыны. 

2014 жылы Қарасай ауданының біраз бөлігі, оның ішінде Алғабас та Алматыға қосылады. Сол тұста тұрғындар арық жүйесін тазарту туралы өтінішпен аудан және қала әкіміне жүгінеді. 2015 жылы сот орындаушысының қаулысымен дренажды арнаны тазарту жұмыстары басталды. Алайда, ол тағы да аясыз қалған. 

"Қазір дренажды арна аянышты күйде - кей жерлерін шөп басқан, халық қоқыс тастап кеткен, ал кейбір жерлерде толығымен балшық басып қалған. Мен қаншама рет өтінім жаздым, бәрін сақтап қойдым. Өзім арнаны тазалап шамамен 30 рет жүк көлігімен топырақ шығардым. Дренажды каналды экскаватормен тазарттық. Ол ашық типті болған соң, су келгенде канал деңгейімен төмен түседі. Өте қатты жаңбыр жауғанда су тағы көтеріледі. Арнасынан асып кетсе, барлық су сыртқа шығады, үйлердің ауласы, жер төлесі, мектептерге жайылады", – дейді Александр Веденко.

Алғабастықтар қала билігі сатылған жер учаскелерінің иелерімен су бұру каналының жай-күйі туралы келісілген бір шешім шығаруы керек деген пікірде. 

Ал жауыр болған мәселеге қатысты аудан әкімдігінің өкілдері жылда "арық жүйесі реттеледі, су тартылады, көшелерге асфальт төселеді" деген уәдемен шектеледі. Бұл жолы да дәл солай. Сондықтан тұрғындар қала құрылысын бақылау басқармасынан және басқа да мемлекеттік органдардан түсініктеме беруді сұрап отыр. 

Еске сала кетсек, 2013 жылы Алғабас ықшам ауданының көшелері су астында қалды. 2016 жылы сәуір-мамыр айларында мұндағы 14 үй мен 27 ауланы су басты. Оның ішінде жертөлелер, аулалар, көшелер, мектеп стадионы және басқа ғимараттар тағы бар. Апат салдарын жоюға Алатау ауданы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті мен құрылыс компаниялары жұмылдырылды. 2020-2021 жылдары N185 мектеп маңындағы бірнеше көшені су басқан. Су басу "жыры" биыл да жалғасатын сияқты. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу