Армения Әзербайжанға соңғы рет қатаң ескерту жасады

5129

Мұны премьер-министр Пашинян ескертіп, тағы бір қарулы қақтығыстың немен аяқталатынын білетінін жеткізді.

Армения Әзербайжанға соңғы рет қатаң ескерту жасады Фото: regnum.ru

Ереван Бакумен ымыраға келмесе және 1990 жылдардың басынан бері өзі ұстап тұрған төрт әзербайжандық ауылды қайтармаса, Армения Әзербайжанмен қайта соғысуы мүмкін. Мұны премьер-министр Никол Пашинян сейсенбі күні жарияланған видеода ескертті.

Пашинян дүйсенбі күні Арменияның солтүстігіндегі Тавуш облысына сапар шегіп, Ереван 1990 жылдардың басынан бері бақылауда ұстап тұрған және қаңырап қалған әзербайжандық ауылдардың маңындағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесті. Жаңа соғыс туралы мәлімдеме сол жерде жасалған.

30 жылдан астам уақыт бойы адам тұрмаған төрт ауыл Армения үшін стратегиялық құндылыққа ие. Себебі олар Ереван мен Грузия шекарасы арасындағы негізгі жолдың бойында орналасқан

Әзербайжан толықтай Армения территориясымен қоршалған бірнеше аумақты қайтаруды бейбіт келісім жасауға қажетті алғышарт екенін ескертіп отыр. Мұндай пәтуа жасалса, Баку күштері өткен қыркүйекте қайтарып алған Таулы Қарабақ аймағы үшін отыз жылға созылған соғысқа біржолата нүкте қойылар еді.

Ресейдің ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Пашинян тұрғындарға даулы ауылдар бойынша ымыра жасалмаса, "апта соңына дейін" Әзербайжанмен арада тағы соғыс басталуы мүмкін екенін айтқан.

"Мен мұндай соғыстың қалай аяқталатынын білемін", - деген Пашинян.

Өткен жылдың қыркүйек айында Әзербайжан армиясы армян сепаратистеріне найзағайдай соққы беріп, Таулы Қарабақты қайтарып, Ереван үлкен жеңіліске ұшырады. Содан кейін бұл аймақтағы 100 мыңнан астам этникалық армянның барлығы дерлік Арменияға қашуға мәжбүр болды.

Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжан территориясы ретінде танылғанымен, ондағы армяндар 1990 жылдардың басындағы соғыстан бері Бакуден іс жүзінде тәуелсіз өмір сүрді.

БЕЙБІТ КЕЛІСІМ

Баку мен Ереван енді ресми түрде бейбіт келісімге қол қойғылары келетінін айтады. Бірақ келіссөздер жабық әрі әскерилендірілген 1000-шақырымдық ортақ шекараны демаркациялау сияқты мәселелерде тығырыққа тіреліп отыр.

Пашинян соңғы апталарда Армения бақылауындағы Әзербайжан жерін қайтаруға дайын екенін білдіріп, Әзербайжан территориясынан аулақ болу үшін Арменияның жолдар желісін өзгертуді ұсынды.

Тағы бір айта кететін жайт, Әзербайжан да халықаралық деңгейде Армения жері саналатын кейбір территорияларды бақылауды жалғастырып жатыр.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жексенбі күні Бакуде НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергпен келіссөз жүргізгеннен кейін сөз сөйлеп, елінің Армениямен бейбітшілік орнатуға "бұрынғыдан да жақын" екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Столтенберг сейсенбі күні Ресейдің номиналды одақтасы Арменияда Пашинянмен де кездесті. Ереванның мәлімдеуінше, Ресей Арменияны Әзербайжаннан қорғай алмады, сондықтан кейінгі кездері екі жақтың қатынастары нашарлап кетті.

Армения өзінің сыртқы саясатын Батысқа қарай бұрып, Мәскеуді ренжітті. Және де Еревандағы жоғары лауазымды шенеуніктер бір күні Еуропалық Одаққа мүшелікке өтініш беруі мүмкін деген болжам бар.

Сейсенбі күні Telegram-да жарияланған мәлімдемеде Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Арменияның Әзербайжаннан жеңілуіне Ереванның Батыспен қарым-қатынасты тереңдетуі де себеп болғанын мәлімдеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу