Арзан пәтер іздегендер алаяқ құрған тұзаққа түсуі мүмкін

2096

Павлодарда болған алаяқтық дерегінің айналасында шытырман оқиғалар өрбіп жатыр. 

Арзан пәтер іздегендер алаяқ құрған тұзаққа түсуі мүмкін

Құқық қорғау органдары биылғы жылдың басында Павлодарда әкімдік атынан арзан үй алып беруге уәде еткен алаяқтар тобының әшкереленгенін және күдіктілер анықталғанын хабарлаған еді. Ізінше 2021 жылғы 21 ақпанда Павлодар қаласының Орталық полиция бөлімі аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" деп аталатын 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармақшасы бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса iрi мөлшерде жасалған қылмысқа қатысты қылмыстық іс тіркеді. Бұл бап он жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сонымен әділдік ішінара болса да қалпына келіп, қоғамға қауіпті топ құрықталып, жұртшылық жеңіл күрсінген. Алайда іс әлдеқайда шытырман болып шықты. Ішкі істер органдары басты фигурант Жанар Тілеуқабылқызын бастапқыда "куәгер" ретінде таниды. Артынша мәртебесін "күдіктіге" ауыстырған.

Осыдан кейін оның жұбайы Серік әртүрлі инстанцияларды жағалап, зайыбының алаяқ еместігін, оның да алданғанын дәлелдеуге тырысады.

"Ол алаяқ емес, оны басқа адамдар жаңылыстырып, алдап кеткен. Алаяқтықты ұйымдастырушыға қағаз жүзінде іздеу жарияланды, бірақ ол бостандықта тайраңдап жүр. Әйелім өзін және басқаларды алдаған тұлғаларға қатысты полицияға шағым жазды, алайда тергеуші соның көмегімен кінәні өзгелерге аударғысы келеді деп күмәнданып, ол өтінішті қабылдамады. Зайыбым аңқау адам, сол аңқаулығынан тауып отыр", – деп жазған болатын Серік өз арызында.

Схема қандай?

2020 жылдың 24 қаңтарында оның әйелі Жанарға танысы Зәмзагүл қоңырау шалып, әпкесінің танысы Айман (Амалия деген лақап аты бар) Павлодар қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы пәтер алуға көмектесетінін хабарлайды.

"Жанар Зәмзагүлді бұрыннан танитын, сенетін, сондықтан бұл хабарға елең етіп, қызыға кетті. Себебі біздің отбасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж еді. Оның үстіне әйелімнің әкесі, ІІ-топ мүгедегінің үйі жоқ. Кездескенде, Айман әкімдіктің аталған бөлімі басшысының орынбасарына және әкімдікте жұмыс істейтін туысына сүйенетінін, бәрінің заң аясында жасалатынын, көп адам осылай баспана алып, тұрып жатқанын әңгімелейді. Ақырында пәтер алудың шартын түсіндіреді: белгілі бір сомада ақшаны және жеке куәлігінің көшірмесін әкелуі қажет. Сонда шамамен бір айдан соң, 2020 жылғы наурызда қолына пәтер кілті тиеді. Осыған иланған Жанар жалпы сомасы 3,5 миллион теңгені тапсырды", – деп баяндады Серік өз өтінішінде.

Оның мәліметінше, артынша бұл схема жайында зайыбы таныстарына айтады, олардың арасынан Жібек, Бақтыгүл, Қайыржан және басқасы ынта-ықылас білдіреді және "өздеріне, туыстарына ақша салып, пәтер алуға мүмкіндік беруді Айманнан сұрашы" деп қолқалапты. Сөйтіп "клиенттер" қатары күрт өседі. Айман олардың бәріне пәтер алуға көмектесетінін растағаннан кейін Жанар баспанадан үміттілердің бәрінен ақша жинап, соған тапсырған-мыс. Біраздан соң Бақтыгүл осы схема туралы танысына сыр ашады. Ол "құпияны" ары қарай жайып, тағы 8 адамнан ақша жинап әкелген.

Ал Айман өзіне тапсырылған соманың бір бөлігіне, алдымен 11,4 миллион теңгеге, кейін 18 миллион теңгеге қолхат жазып беріпті. Ол пәтерлердің 2020 жылғы Наурыз мейрамы қарсаңында табысталатынына сендіреді. Әрине, айтылған күні ешқандай кілт тапсыру рәсімі болмаған. Содан Айман жаңа мерзімдерді атап, уақыт созуға көшеді. Алаңдаған жұрт Жанарды мазалай бастаған.

Істің шикі екенін сезген Жанар мен Бақтыгүл әкімдікке барып, аталған бөлім басшысының орынбасары Ларисы Ивановнамен кездеседі, ол ешқандай Айманды танымайтынын мәлімдеген.

Алайда зардап шегушілер Айманның емес, Жанардың үстінен полицияға шағым түсіреді. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Таяуда, 21 қыркүйекте Павлодар қаласының мамандандырылған тергеу соты Жанар Тілеуқабылқызын үй қамағына алды. Оған дейін күдікті уақытша изоляторда отырып шыққан.

"Тергеушілер маған, күйеуіме, балаларыма психологиялық және моральдық қысым көрсетуде. Салдарынан жұбайым инсульт болып, миына қан құйылды, денесінің бір жағы сал болып қалды. Ауруханада жатты. Үй қамағында отырып, жұмыс істеу, табыс табу мүмкіндігінен айрылдым. Отбасымды қалай асырайтынымды білмеймін. Кредитім бар, оны қалай өтеймін? Ауруханада жатқан күйеуіме барып, күтім жасауыма тыйым салды. Ол ауруханада коронавирус жұқтырып, ауырды. Кіші ұлымды көрмегелі көп болды. Маған уайымдап жүріп, қызым жұмысын жоғалтты", – дейді Жанар.

Алаяқтар әрекеті ауыздықтала ма?

Тергеушілер күдіктінің әлеуметтік жағдайы қиын екеніне сенбейді, мысалы олар Жанардың 5 адвокаты барына таңғалған. Оның екеуі Нұр-Сұлтаннан шақырылыпты. Жанар оларды таныстары мен туыстары жалдағанын айтады.

Жалпы бұл істің айналасы толған шырғалаң көрінеді. Мысалы, жәбірленуші деп танылған Бақтыгүл есімді азаматша осы схемаға өзге адамдарды тартып, олардың қаражатын қалтасына басқан, ұлына үй әперген, банктегі кредитін жапқан деген әңгіме бар.

Атын жасырын қалдырған зардап шегушілердің бірінің мәліметінше, Айман және Жанар оларды 1 миллион 300 мың теңгеге арзан әрі элиталы пәтер ала аласыздар деп қызықтырыпты. Тіпті таныстарына осы сомаға әкімдіктен баспана алып бергенін және ол сонда екі жылдан бері тұрып жатқанын айтқан.

Бүгінде арзан пәтерден үміт үзген "салымшылар" өз жинақтарын қайтаруды қалайды. Егер Жанар ақшасын кері қайтарса, тіпті полицияға жазған арыздарын кері қайтарып алуға әзір. "Бағасы төмен баспанаға" қаржы салған әйелдердің бірі соған қол жеткізе алмай, өмірден өтіпті.

Тергеу болса, жалғасып жатыр.

"Павлодар қаласының Полиция басқармасының Орталық полиция бөлімі аталған іс бойынша Жанар Т. және Айман К.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімі негізінде аса iрi мөлшерде жасалған алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, жүргізілген тергеу іс-қимылдарының нәтижесінде 2021 жылғы 27 сәуірде тергеу органдары Жанар Т.-ны аталған бап бойынша күдікті деп таныды. Бұл шешім белгіленген тәртіпте қадағалаушы прокурормен келісілді", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Павлодар облысының Полиция департаментіне күдікті Жанардың шағымдарында келтірген дәйектемелерді тексеру, бұл үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізу жөнінде тапсырма берілген. Оның қорытындысы туралы қатысушы тараптар құлағдар етіледі.

Жіптей шырмалып, шатасып кеткен бұл істің түйткілін тарқату тергеушілердің құзырында.

Тіпті іс тоқтатылуы мүмкін деген сөз де бар. Қазіргі кезде Мәжіліс Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаппай рақымшылық жариялайтын заң жобасын қарауда. Ол қабылданған соң түрмедегі қылмыскерлер босатылып қана қоймай, сонымен бірге сот үкім шығарып үлгермеген қылмыстық істер де жабылмақ. Ал қарапайым халық үшін алаяқтардың тиісті жазасын алғаны маңызды.

Бұл схеманың алаяқтық сипаты болғанымен, ол қаржылық пирамидаға жатпайтын көрінеді, себебі "салымшылардан" өзге клиенттерді тарту талап етілмеген. Жұрт арзан баспана туралы таныстарынан естіп, өздері келген деседі.

Алақтармен күресте билік қол қусырып, қарап отырмаған сияқты.

"Президенттің тапсырмасымен, қазіргі кезде алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешені әзірленуде. Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Құрамына Бас прокуратура, Ұлттық банк, ІІМ, Қаржы мониторингі агенттігі және Ақпарат министрлігінің өкілдері кірген топ алаяқтық түрлеріне тосқауыл қою бойынша шаралар қабылдайтын болады. Шаралар осындай қылмыстардың алдын алу, мониторинг жүргізіп, анықтау және жолын кесу рәсімдерінен құралады", – дейді Қаржы нарығын реттеу агенттігінің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.

Азаматтардың арасында түсіндірме жүргізу, елдің қаржылық және құқықтық сауаттылығын көтеру жұмыстары қолға алынбақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу