Оқушының мектептен тыс жасаған әрекеті үшін мұғалімді жазалау дұрыс емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов youtube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналист "Оқушы үшін қашанғы мұғалім таяқ жейді?" деп сұрақ қойды.
"Мен де осы мәселе бойынша пікірімді бірнеше рет айттым. Сіз айтып отырған Алматы облысында ғана емес, биыл бірнеше өңірде осындай жағдайлар орын алды. Мысалы, бір қалада балалар сабақтан тыс уақытта үлкен кісіні ұрып кеткен. Басқа жерде жасөспірімдер кешкі уақытта біреудің үйінде бір-бірімен төбелесіп қалған. Бірақ соның нәтижесінде шешім қандай болды? "Әйтеуір біз шара қолдандық" дегеннің сылтауы ғой. "Немқұрайлы қарап отырған жоқпыз" дегендей. Бұл жерде біз ең жақсы көретін спорттың түрі – кінәліні табу. "Кінәліні таптық, жұмыстан шығардық, мәселе шешілген сияқты". Шешілген жоқ ештеңе. Ең сорақысы, осындай жағдайларда мұғалім, директор кінәлі боп шыға келеді. Сондықтан тек қана оларды (жұмыстан) шығарғанмен проблема шешілген жоқ қой. Бір-екі айдан кейін тағы да қайталанады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың сөзінше, бұл мәселені түбегейлі қайта қарау қажет.
"Мұнымен күресу керек. Бұған мүмкіндік бермеу керек. Жалпы, мұғалім сабақты жүргізді ме, бала мектептің табалдырығын аттап кетті ме – ата-ананың жауапкершілігі. Мұғалімде де отбасы бар. Ол оның (ред. – оқушының) күні-түні қасында жүрмейді ғой. Мұғалім оған "бірдеңе бүлдір" деп айтқан жоқ қой. Сол сияқты Қостанайда мұғалімдер жазғы демалысына барып жатқанда оларды өзендердің жанында кезекшілікке қою бұл тіпті ойға қонымсыз. Бұл – заңды тікелей бұзу. Сондықтан мен бұл мәселемен толығымен келіспеймін", – деді мәжілісмен.
Айта кету керек, бұған дейін министр маңызды мәселеде ұстаздарға араша түскенін жазған едік.