Азаматтар БЖЗҚ-дағы ақшасы жоғалғанына шағымдануда

21238

42 500 теңге зейнетақы жинағынан алынған ба? 

Азаматтар БЖЗҚ-дағы ақшасы жоғалғанына шағымдануда Фото: Максим Морозов

Үкімет мүшелері атына төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік төлем алған қазақстандықтардан арыз-шағым қарша борауда. Олар есепшоттарына 42 500 мың теңге қаражат түсе салысымен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотынан соған жетеқабыл көлемде жинағы жоғалып кеткеніне наразы.

"Маған мемлекет 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы берді. Бірақ неге екені белгісіз, іле-шала БЖЗҚ-дағы есепшотымдағы қаражат 31 000 теңгеге азайып қалды. Неге азайып қалғанын түсіндірмеді. Әлеуметтік төлем зейнетақылық жарнадан алынады деп айтпаған еді. Егер билік солай жасаса, оны неге халықтан жасырады? О бастан зейнетақы қорынан алып, барлығыңызға таратамыз деп ескертсе, халық қарсы бола қоймайтын еді. Әлде ел байқамайды деп ойлады ма? Тып-тыныш қана жасай салмай, алдын ала хабарлауы керек қой!" – дейді Татьяна Петербурская Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке хатында.

Ал Жалғас Чапайұлы тіпті төлемақы төлемесе де, биліктің қордағы жинағынан ақша алып қойғанына ренжиді.

"42 500 теңге алу үшін өтініш бердім, алайда оны тағайындаудан бас тартты. Сонымен бірге сәуірдің 2–17-сі аралығында зейнетақылық жинағым 37 мың теңгеге азайып шыға келді. Ол қайда кетті? Неге Үкімет менің зейнетақы жарнамды әлеуметтік төлемақыға таратып жатыр?! Бұл әрине, әділетсіз. Себебі, салығымызды төлейміз, жарнамызды аударамыз. Ал мемлекеттен уақытында көмек көрмейміз. Бұл аз болғандай, енді өз жинағымыздың сақталатынына деген сенімнен айырылып отырмыз", – дейді ол.

Министр Біржан Нұрымбетов БЖЗҚ-дан ақша жоғалуына төтенше жағдай төлемінің еш қатысы жоқтығына сендірді. Өйткені бұл қаражат мүлдем басқа жүйеден – міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан алынуда. Оған негізінен, жұмыс берушілер, компаниялар ақша аударады. Ал қазақстандықтар аударатын зейнетақылық жарна басқа жүйеге – зейнетақы қорына бағытталады.

Министр кейбір азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігі қайда кеткенін білмейтінін аңғартты. Себебі әр адамның жинағы – тек сол азамат қана білуге тиіс құпия.

"Қазақстандағы "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының талаптарына сәйкес, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары және оның қозғалысы туралы мәлiметтердің барлығы құпияға жатады. БЖЗҚ, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары және "Азаматтарға арналға Үкімет" мемлекеттік корпорациясы ол құпияның қатаң сақталуын кепілдендіреді. Бұл құпияны тек салымшыға, қордан зейнетақы алушыға немесе салымшының жазбаша келісімі бойынша үшінші тұлғаға ашуға рұқсат етіледі. Сондықтан азаматтар осы мәселелер бойынша нақты ақпарат алу үшін БЖЗҚ-ның өзіне жүгінгені жөн. ТЖ жағдайында сол жинақтарға қашықтан сүйемелдеу жасап отыр", – деді министр.

Ол карантинге орай қорға қашықтықтан жүгінген жөн екеніне назар аудартты. Біріншіден, телефон шалуға болады: қордың өңірлік бөлімшелеріндегі кезекші қызметкерлерінің байланыс нөмірлері enpf.kz сайтында көрсетілген. 

Екіншіден, қордың бірыңғай call-орталығы бар, нөмірі 1418.

Үшіншіден, чат-ботынан сұрау үшін WhatsApp, Viber-де 8 777 000 14 18 нөміріне хабарласуға болады.

Төртіншіден, қордың әлгі сайтында онлайн-консультант жұмыс істейді.

Бесіншіден, enpf@enpf.kz электронды поштасына хат жаза аласыз.

Өз кезегінде БЖЗҚ 42 500 теңге төлем төлеу науқанының зейнетақы қорынан қаржыландырылғанын жоққа шығарды.

"Мессенджерлерде таралған "42 500 теңге азаматтарға олардың жеке зейнетақы жинақтарынан төленді" деген ақпарат шындыққа сәйкеспейді. Ол әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілуде. Азаматтар жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмысының ара-жігін ажырата білгені дұрыс. Бұлар – әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған жүйелер. БЖЗҚ зейнетақы активтері – салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы меншікті ақшасы және одан тек зейнетақы төлемдері төленеді. МӘСҚ активтері – әлеуметтік аударымдар арқылы жинақталады және әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындағанда әлеуметтік төлем төлеуге жұмсалады", – деп түсіндірді қордағылар.

Бұл жерде "әлеуметтік тәуекел" жағдайларына жұмысынан, еңбекке жарамдылық қабілетінен, асыраушысынан айрылу, жүктілігі және босануына, нәрестені асырап алуына, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста болуына орай табысынан айрылу жатады.

БЖЗҚ осы айда азаматтардың жинағы әртүрлі сомаға не себепті азайып қалғаны туралы ақпарат бермеді. Бұл жеке қарауды қажет етсе керек. Қор мамандары қазақстандықтарда БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетте немесе қордың ұялы қосымшасында, сондай-ақ электрондық үкімет сайтында өз жинағын тексеріп, оның бүтіндігіне көз жеткізуге кеңес берді.

"Азаматтардан тек ресми көздерден алынған сенімді ақпаратты ғана пайдалануды сұраймыз", – деп өтінді БЖЗҚ.

Қор мамандарының түсіндіруінше, жинақтардың азаюына инвестициялық кіріс көлемінің уақытша төмендеуі ықпал еткен. Ол кірістің азаюына валюта бағамдарының құбылуы және әлемдегі дағдарыстың қаржы құралдарын құнсыздандыруы түрткі болыпты.

"2019 және 2020 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып қарағанда көріп отырғанымыздай, инвестициялық кіріс – қаржы құралдарының құнына және қаржы нарығындағы жағдайға тәуелді болып келеді. Яғни, ол кіріс нақты бекітілмеген. Сондықтан жекелеген қаржы құралдарына орай инвестициялық кіріс көлемінің уақытша төмендеуі болашақта зейнетақы активтерінің барлық инвестициялық портфелін ұзақ мерзімде әртараптандыру есебінен өтелетін болады", – деді БЖЗҚ.

Қордың ресми дерегі бойынша 2020 жылдың басынан 1 сәуірге дейінгі аралықта салымшылар шоттарына 661,7 млрд теңгеден астам инвестициялық кіріс қосылыпты. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 564,8 млрд теңгеге артық. Мысалы, 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы таза инвестициялық табыс 96,9 млрд теңге болған екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу