Байқаңыз, мына ақшаны енді еш жер алмайды

838

"Ескі" және "жаңа" долларлардың бір-бірінен несімен ерекшеленетіні анықталды.

Байқаңыз, мына ақшаны енді еш жер алмайды Фото: topcompare.be

АҚШ-та билік басына Трамп келгелі доллардан әлемдегі ең ірі нарықтың бас тарту қаупі туындады.

Bloomberg жазуынша, азиялық экспорттаушылар мен инвесторлар ондаған жылдар бойы доллардан шектен тыс көп қор жасады. Осы арқылы олар АҚШ-тың өңірдегі сауда профицитін қалыптастырған.  

Eurizon SLJ Capital сарапшылары Джен мен Джоана Фрейренің жазуынша, Трамп "қолбасшылығымен" Американың өзге елдермен арасындағы сауда соғысы өршіген сайын америкалық валютадан құтылуға асыққан азиялық инвесторлардың қатары да күрт артқан.

Азия аймағында қазіргі кезде доллардың қоры 2,5 триллионнан асты. Оның бәрі болмағанымен, үлкен бөлігі биржа арқылы саудаға шығарылуы ықтимал. Мұның соңы доллардың барған сайын құнсыздануына соқтырмақ.

Мысалы, бұрын мемлекеттік валюталық резервінің басым бөлігін долларда сақтап келген Жапония Трамп әкімшілігі өзіне қарсы жоғарылатылған экспорттық баж алымын енгізгелі долларды Отанына кері "репатриациялай" бастады. Оның орнына "Күншығыс елі" тіпті Қытайдың юанын резервтік валюта ретінде сатып алуға кіріскен.

MarketWatch дерегінше, доллардың бүкіл әлемдегі бағамы құлдырады. АҚШ долларының индексі жыл басынан бері 8%-дайға құлаған. Бұл – тарихи антирекорд саналады.

Дәл осы кезеңде Азия елдерінің ұлттық валюталары долларға қатысты елеулі түрде нығайып шыға келді. Сондықтан азиялық нарықтарда америкалық валютаның "жаппай сатылымы" басталуда. Біздің континенттің инвесторлары нарықтағы доллардың әлсіреуінен өздерін сақтандыруға тырысып жатыр.

Осылайша, доллардың әлемдегі тартымдылығы төмендеді. Фунт стерлингті айтпағанның өзінде, еуроның өзі одан көп қымбат тұрады. Салдарынан, АҚШ валютасына дүниежүзіндегі басты резервтік валюта ретіндегі мәртебесінен айрылу қаупі төнді.

Bloomberg байламынша, Дональд Трамптың қалыптасқан әлемдік сауда тәртібін өзгерту талаптары аясында сарапшылар доллардың перспективаларын жаңаша бағалай бастады.

Бұл ызғардың "сызы" Қазақстанға дейін жетті. Қазақстандықтардың долларға деген қызығушылығы жоғалуда. Қолма-қол долларға деген сұраныс екі есеге азайып кеткен.

Ұлттық банк таяуда биылғы наурыз айының қорытындысын шығарды, сәуір айын әзірге қорытындыламады. Соның өзінде аталған тенденцияның әрі қарай жалғасып жатқанын байқауға болады.

Өйткені 2025 жылғы наурызда қазақстандықтардың айырбас бекеттерінен сатып алған долларының оларға кері өткізген доллары көлемінен асқан нетто-саудасы (айырмасы) 73,9 миллиард теңгеге дейін төмендеді.

Ұлттық банктің дерегінше, бұл 2023 жылғы сәуірден бергі (73,2 млрд теңге) ең төмен көрсеткіш. Салыстырсақ, 2025 жылғы қаңтарда нетто-саудасы (сатып алу мен кері өткізу арасындағы айырмасы) 120,4 миллиард, ал, ақпанда 175 миллиард теңгені құраған еді. Яғни, доллардың Қазақстанда да тартымдылығынан айрылуы Трамптің билік басына келуінен кейін басталғаны аңғарылады.

Соның кесірінен, қазақстандықтардың долларға қатысты нетто-саудасының көлемі жыл басынан бері, Байден кеткелі бірден 57,8% құлдырады.

Дегенмен, қазақстандықтардың қолында әлі де болса, доллардың үлкен көлемі жинақталған. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында бизнес пен бұқара оның белгілі бір қорына қол жеткізді.

Сондықтан доллардың қандай түрін енді әлемде еш жер қабылдамайтынын қазақстандықтар біле жүргені жөн.

"Ескі" және "жаңа" доллар несімен ерекшеленеді?

Қазіргі кезде шетелге саяхаттаған немесе іс-сапармен аттанған азаматтар қолындағы долларының әрбір купюрасына үңіліп, қай жылы шыққанын анықтап алғаны жөн. Өйткені оның біразын ешбір елде ешқандай сауда орны, дәмхана, дәріхана және тіпті базардағы саудагерлері де алмай қояды.

АҚШ валютасының ескі нұсқаларын шетелде айырбастау бекеттері де, банктер де қабылдамайды. Сол себепті тәжірибелі туристер Қазақстандағы айырбастау бекетінен валюта алғанда, бірден жаңа шығарылған банкноттарды сұрайды.

Ел арасында дизайнына және түс реңкіне қарай ескі және жаңа долларларды "ақ" және "көк" доллар деп атайды.

24 Канал сарапшыларының түсіндіруінше, ескіге 1996 жылы басылғандары (кейбір елдерде 2013 жылға дейін шығарылғандары) жатқызылады.

Ал, жаңасы деп, одан кейін жасалғандары және заманауи қорғаныш элементтері барлары танылады.

Ескі долларлардың қорғаныш белгілерінің сенімділігі төмен болғандықтан жалған ақша жасаушылар оны қолдан жасауды, тіпті принтерден басып шығаруды тез жолға қойды.

"Фальшивкасының" өте сапалы жасалатыны сонша, бірқатар банктер және айырбастау пункттері олардың шынайылығын тексеруде қиындыққа кезікті. Содан, бәледен аулақ болу үшін олардың шынын да, жалғанын да қатар қабылдамауға ұйғарған.

Жалпы, сарапшылар долларды басатын ұйым – АҚШ Федералдық резервтік жүйесі қорғаныш элементтерін қоса отырып, соңғы 20 жыл ішінде жаңартқан купюраларды "жаңа" деп санайды.

Барлық дерлік негізгі номиналдар жаңа дизайнға ие:

  • 5 доллар – 2008 жылғы үлгісі,
  • 10 доллар – 2006 жылғы үлгісі,
  • 20 доллар – 2003 жылғы үлгісі,
  • 50 доллар – 2004 жылғы үлгісі,
  • 100 доллар – 2013 жылғы және одан бергі үлгісі жаңа болып есептеледі.

Бір қызығы, АҚШ валютасының барлық банкноттары ішінде 1 және 2 долларлық номиналдағы купюралардың дизайнерлері ғана ешқашан өзгермеген. Олар бір ғасырдан астам уақыттан бері классикалық түрде қалуда.

Sauap.org порталының мәліметінше, америкалық доллар 75%-ға мақтадан және 25%-ға – зығырдан дайындалады, мұндай қоспа банкноттарға бірегей текстура береді, ұзағырақ сақталуына септеседі.

Сондықтан 1 және 2 долларлық ұсақ ақшаны жасаумен айналысу – өзін-өзі ақтамайтын іс саналады. Аталған қоспаны әзірлеу ақырғы өнімнен әлдеқайда қымбатқа түседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу