Басшы тілшіге 24 сағаттың ішінде жауап беруі керек

2004

Пентагонның баспасөз қызметі 24 сағат бойы жұмыс істейді. Мекеменің өкілдері журналистің сұрағына небәрі 4 сағатта жауап береді.

Басшы тілшіге 24 сағаттың ішінде жауап беруі керек

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсынған заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Заң жобасында белгілі бір тұлға туралы жазу үшін одан рұқсат сұрау көзделген еді. Сарапшылар бұл талаптың ашық қоғамнан жабық қоғамға алып баратын қисынсыз шектеу екенін айтады. Ал жабық қоғам қалыптасқан кезде рухани және экономикалық даму болмай, керісінше қоғам тоқырауға тап болады.

Депутаттан жауап алу қиын

Десек те министрлік ақпарат және коммуникация мәселелеріне қатысты заң жобасын ашық талқылап жатыр. Мысалы Дәурен Абаев заң жобасына қатысты кейбір талапты алып тастағанын әлеуметтік желіде жариялады. Бұған дейін заң жобасында жасырын пікір қалдырушылардың алдын алу мен блогерлерді БАҚ-пен теңестіру көзделген еді. Министрдің айтуынша, бұл нормалар заң жобасынан алынып тасталды. Әйтсе де, белгілі бір тұлға туралы жазу үшін арнайы рұқсат сұрау талабы әлі де болса күшінде тұр.

Дәл қазіргі таңда журналистің жұмысына кедергі келтіретін емес, керісінше оның жұмысын жеңілдететін заң керек. Мысалы бүгінде қандайда басшыдан пікір алу үшін арнайы хат жолдау керек. Шыны керек қойған сауалыңа жазбаша жауап алғанша көтеріп отырған мәселеңнің маңызы жоғалып кетеді. Ал қойған сұрағыңа ауызша жауап беруден кейбір басшылар азар да безер болады. Себебі "бір нәрсені дұрыс айтпай, басым дауға қала ма" деп алаңдайды. Шенеунік емес, тіпті мәжіліс немесе мәслихат депутаттарының өзі қойылған сұраққа жауап бермей қашқақтайды.  Ал осындай күрделі мәселені қалай шешкен жөн?

Пентагон 4 сағатта жауап береді

Журналист Төлен Тілеубай "қандайда бір басшы ең кем дегенде 24 сағаттың ішінде журналистке жауап беруі тиіс" деген талап заңға енгізілуі қажет екенін айтады. Егер осындай талап болса, министрден бастап ауыл әкіміне дейін БАҚ-пен тығыз байланыста болуына мүмкіндік туар еді.

"Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты "100 қадамында" үкімет халыққа ашық болуы керек деп жазылған. Осыны негізге ала отырып, "қандай да басшы журналистке ең көп дегенде 24 сағаттың ішінде жауап беруі керек" деп талап енгізу қажет. Жалпы менің 24 сағаттың ішінде жауап беруі керек дегенім көп уақыт болуы мүмкін. Басшы қойылған сұраққа бұдан да қысқа уақытта жауап беруге міндеттелуі керек. Мәселен АҚШ-қа барғанымда Пентагонның жұмысымен екі күн бойы таныстым. Олардың баспасөз қызметі 24 сағат бойы жұмыс істейді екен. Сонда мен олардың қойылған сұраққа небәрі 4 сағаттың ішінде жауап беретініне таңғалдым. Шын мәнісінде қорғаныс саласы құпия сала болып саналады ғой. Әйтсе де АҚШ билігі жауапкершілік танытып, журналистің сұрағына жедел түрде жауап беруге міндеттелген. Осы нәрсені біз үйренуіміз керек. Ол үшін бізге журналистің мәртебесін анықтайтын арнайы заң керек", – дейді Төлен Тілеубай.

Журналист бұрынғы мұнай-газ министрі Сауат Мыңбаевқа сауал жолдап, сұрағына алты ай дегенде әзер жауап алғанын айтады. Сондықтан да ол қандай да бір басшыны көтерілген сұраққа жауап беруге міндеттеуі керек деген пікірде. Егер талапты орындамаса, бір ескерту, екінші рет айып салу көзделуі тиіс. Бұған да басшы бағынбаса, оның отставкасы талап етілгені жөн. Себебі өз саласына қатысты сұраққа жауап бере алмаған басшы жұмыста жетістікке жетпейді.

Сұхбат беруді талап ету дұрыс емес

Бірақ бұл талапты заң бойынша бекіту қаншалықты мүмкін. Белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанның айтуынша қандай да бір мәлімет алу қазіргі заңда бекітілген. Алайда ол басшыны 24 сағатта сұхбат беруге міндеттеу заңға қайшы екенін ескертеді.

"Жалпы басшының сұхбат беруі және мәлімет беруі деген екі мәселе бар. Қазіргі қолданыстағы "БАҚ туралы" заң бойынша сұхбат беретін адамның келісімі керек. Сұхбат беру оның авторлық құқығы болғаннан кейін қандай да бір басшының сұхбат беруге де, бермеуге де құқығы бар. Ал енді журналист мәлімет сұрайтын болса, қолданыстағы заң бойынша оған жауап беруге міндетті. Қарапайым мәселе болса, 3 күнде, ал ерекше тексеруді қажет ететін жауап болса, 15 күннің ішінде мәлімет берілуі керек. Егер мәлімет берілмесе, журналистің жұмысына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жаза немесе айыппұл салу көзделген. Бірақ бұл заң жұмыс істемейді", – дейді Абзал Құспан.

Құқық қорғаушының айтуынша, журналистер өздерінің құқығын заң аясында қорғай алмай отыр. Егер журналистер қандайда бір мәлімет ала алмаса, прокуратураға шағымданып, өз құқығын қорғауы керек.

Сұхбат беруді талап ету керек

Ал саясаттанушы Әбдіжәлел Бәкір құқық қорғаушының уәжімен келіспей отыр. Оның айтуынша, кез келген басшының 24 сағат ішінде жауап беруін міндеттеу керек. Сондай-ақ ол жаңа заң нормасының журналистердің жұмысына кедергі келтіретінін айтады.

"Қазіргі таңда министрлер мен әкімдер журналистерді адам құрлы көрмейді. Ал қандай да бір басшы туралы жазатын кезде журналист одан рұқсат сұрайтын болса, демократиялық құндылықтар аяқасты болады. Егер осы заң жобасы мақұлданса, журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі қайда қалады? Журналист өзінің халық пен мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезіне алмаса, мен оны журналист деп есептемеймін. Айналып келгенде мұндай шектеу жабық қоғамды қалыптастырады. Ал жабық қоғамның ешқандай да пайдасы болған емес. Қазіргі кезде көп нәрсені жауып тастаған, сондықтан елімізде не болып жатқанын білмейміз. Егер рухани және экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендейміз десек, қоғамдағы жағдайды халық біліп отыруы керек", – дейді Әбдіжәлел Бәкір.

Елімізде онсыз да журналистерге шектеу көп. Ал белгілі бір тұлға туралы жазу үшін одан рұқсат сұрау жығылғанға жұдырық болып отыр. Заңда журналистің жұмысына кедергі келтіретін емес, керісінше оның жұмысына жеңілдік беретін норма болғаны жөн. Егер журналистке еркіндік берілсе, онда қоғамымыз рухани және экономикалық тұрғыдан өсіп өркендейтін еді. Себебі барлық мәселе сөз бостандығының еркін болуына байланысты емес пе?!

Серік Тасболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу