Бензин, сұйық газ бағасын ұстап тұру мәселені шешпейді – сарапшы

3466

Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жаңа шешімдер қабылдау керек.

Бензин, сұйық газ бағасын ұстап тұру мәселені шешпейді – сарапшы

Сапарбай Жұбаев Қазақстандағы толқулардан кейін шетелдік инвесторлар азаятынын, бензин, сұйық газ, коммуналдық төлемдердің бағасын ұстап тұру мәселені шешпейтінін, теңге құнсыздануы мүмкін екенін, байлар үшін салықтың мөлшерін көтеру керегін Atameken business телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness тілшісі.

Ол тәртіпсіздіктер ұлттық экономикаға кері әсер тигізгенін атап өтті.

"Алматы, Талдықорған және тағы басқа қалаларда шағын бизнеске залал келді. Шығынның мөлшері 100 млрд теңгеден де көп болуы мүмкін... Кәсіпкерлер айтарлықтай шығынға ұшырады. Мемлекет шығынның орнын бюджет, басқа да қорлардың есебінен қалыпқа келтіретін шығар", - деді сарапшы.

"Бюджетке салмақ түскелі тұр"

Сапарбай Жұбаев толқулардың салдарын жоюға қомақты қаржы керегін атап өтті.

"Біріншіден, шағын және орта бизнес жұмыс істемегесін бюджетке салық төленбейді, ал бюджеттен оларға қаржы бөлінеді. Демек, бюджетке 2 есе салмақ түскелі тұр. Себебі, зардап шеккен кәсіпкерлерді салықтан босатып, оларға көмек көрсетсек, қаржы бюджеттен алынуы мүмкін.

Екіншіден, бүгінде бюджетке түсетін ақшаның өзі түспей қалды. Тиісті қаржыны ұлттық қордан немесе басқа қаржы көздерінен аламыз ба? деген мәселе туындап отыр. Біз бұл ақшаны алуға мәжбүр боламыз. Бюджетке салмақ түскелі тұр", - деді Жұбаев.

"200-300 млрд теңге"

Оның пікірінше, мәселені шешу үшін бюджет қаражатын ғана емес, жеке қаржы да тартылуы керек.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арнайы қор құрып, зардап шеккен кәсіпкерлерге ақша жинаймыз деп жатыр. Ертең құқық қорғай органдары бұзақыларды тауып, олар сот алдында жауап берсе, шығынды өндіріп алу ұзаққа созылады. Оны кәсіпкерлер күтіп отырмайды. Сондықтан мемлекет бұл мәселені шешу үшін бюджеттен қомақты қаржы жұмсауы ықтимал. Менің ойымша, ол 100 млрд теңге емес, 200-300 млрд теңге болуы мүмкін", - деді сарапшы.

Инвестиция

Ол Қазақстандағы саяси тұрақсыздық инвестиция саласына салдарынан тигізетінін айтты.

"Орта Азиядағы елдер арасында Қазақстан инвестициялық климаты жақсы мемлекет болатын. Біз "300-350 млн доллар инвестиция елге құйылды. Орталық Азияға тартылған инвестицияның 80% Қазақстанның үлесінде" деп мақтанып жүрдік. Мысалы, шетелдік инвестор елімізге ақша құйып, тек шикізатты өндіретін. Негізгі инвестиция осы салаға тартылды... Енді елімізге ақша салуға күмәнденіп жүрген инвесторлар одан сайын ойлана түседі. Өкінішті жағдай", - деді Сапарбай Жұбаев.

"5-6 жыл керек"

Сарапшы елде шетелдік инвесторлар азаятынын, инвестициялық климатты жақсарту үшін біраз уақыт керегін жеткізді.

"Мысалы, Қырғызстан Орталық Азиядағы "демократиялық арал" сияқты еді. Онда сайлау демократиялық түрде өтеді, адам құқы қорғалады, еркіндік бар. Бірақ бұл елге инвесторлар келмейтін. Себебі, шетелдіктер әр 5 жыл сайын революция болатын мемлекетпен қалай жұмыс істеу керегін білген жоқ. Қырғызстанда алтын өндіретін "Құмтөр" кен орны бар. Оны канадалық компания игеріп жатқан. Алайда қазір олар билікпен соттасып жатыр. Ертең мұндай жағдай Қазақстанда қайталана ма? Жаңа билік не істейді?... Менің ойымша, Қазақстанда шетелдік инвесторлар азаяды. Оны ашық айту керек. Елдегі инвестициялық климатты жақсарту үшін 5-6 жыл керек деп ойлаймын", - деді Жұбаев.

Рубльдің құнсыздануы теңге бағамына әсерін тигізе ме?

Сапарбай Жұбаев Ресейде рубль құнсыздағанын, бұл Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізетінін атап өтті.

" ... Бүгінде ұлттық қорда 65 млрд доллар, Ұлттық банктің алтын валюта қорында 35 млрд доллар, жалпы 100 млрд доллардан асатын қор бар. Егер Ұлттық қордағы ақша, алтын валюта қоры болмағанда 1 доллар 440-450 теңге болады. Алайда біз Ұлттық қордағы ақшаны пайдаланып, теңге бағамын бірқалыпты ұстап тұрмыз. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасады?...

Ресейлік сарапшылар 1 доллар 74 рубль болғанын, бүгінде рубль 4% арзандап, 1 доллар 77,5 рубль тұратынын айтып жатыр. Олар мұны Қазақстандағы жағдаймен байланыстырады. 

Ресейде рубль еркін айналымға шығарылған. Оларда да тұрақтандыру қоры бар. Олар ондағы ақшаны алып, рубль бағамын тұрақтандыру үшін әрекет жасап жатқан жоқ. Сондықтан рубль бағамының әлсіреуі Қазақстанға да әсерін тигізеді", - деді сарапшы.

Бағаны ұстап тұру мәселені шешпейді

Оның айтуынша, елдегі инфляция жоғары деңгейде. Оны халық сезініп жатыр. Тіпті, бензин, сұйық газ, коммуналдық төлемдердің бағасын ұстап тұру елдегі инфляция мәселені шешпейді. 

"Экономикада "ақша теориясы" деген заң бар, яғни өнімнен ақша массасы көбейсе, баға өсе береді. Мысалы, доллармен есептейтін болсақ, 2-3 жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өзгермеген. Алайда ақша массасы 24 трлн-нан 28,5 трлн-ға дейін өсті, яғни 20% көтерілген. Ұлттық банк елдегі инфляцияны 8-9% деп мың рет айтқанымен инфляция көрсеткіші – 20%. Оны халық сезіп жатыр.

Кейбір тауарлар 2 есе қымбаттады, әрі коммуналдық төлемдерді жазға дейін бірқалыпты ұстап тұрамыз дедік. Инфляцияны бәріміз ұстай алмаймыз, баға бәрібір өсе береді. 

Экономист ретінде айтайын. Жаңаөзендегі және басқа өңірлердегі  сұйық газдың бағасы 50 теңгеге түсті. Бұл қарапайым халыққа пайдасын әкелгенімен ұлттық экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр. 

Бензинді, сұйық газды төмен бағамен қашанға дейін ұстап тұра аламыз? Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Себебі, бағаны нарық өзі реттейді...", - деді Сапарбай Жұбаев.

"Шекті баға"

Ол шекті баға мемлекетке тек шығын әкеліп, жемқорлық қаупін тудырады деген пікірде.

"Шекті баға шығын әкеледі. Себебі, оған мемлекет субсидия бөледі. Ұлттық қордан қомақты қаржы алынады. Мысалы, ауыл шаруашылығына қаншама субсидия бөлінді. Алайда бұл жемқорлыққа алып келді. Мәселе осында ғой. Президент пен жаңа Үкімет мұны шешеді деген үміттемін", - деді Жұбаев.

Халықтың тұрмысын қалай көтеруге болады?

Сапарбай Жұбаев дәулетті тұрғындар үшін салықты өсіріп, елдегі әлеуметтік жағдайды түзеуге болатынын айтты.

"Президент 2 жыл бойы айына 5-10 млн теңге алатын тұрғындардың салығын 15-20% көтеру керегін айтқан. Алайда депутаттар, министрлік өкілдері бұл мәселеге қатысты пікір білдірмей отыр. Дәулеттілерге салынатын салықтың мөлшерін өсіру керек. Осылайша, елдегі тұрмысы төмен халықтың жағдайын түзеуге болады деген ойдамын", - деп түйіндеді сарапшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу