Билік журналистерді декреттік жәрдемақысыз қалдырды

1552

Шенеуніктер БАҚ өкілдерін бір қолмен бастан сипап, екінші қолымен жазалауын қояр емес. 

Билік журналистерді декреттік жәрдемақысыз қалдырды

Коронавирус пандемиясынан және жаһандық экономикалық дағдарыстан қатты зардап шеккен салалардың бірі – бұқаралық ақпарат құралдары. Газеттер мен ақпарат агенттіктерінің жарнамадан түсетін табысы әртүрлі бағалаулар бойынша 31%-дан 60%-ға дейін құлдыраған. Шындап келгенде, қазіргі кезде қазақстандық БАҚ мемлекеттік тапсырыс пен бюджеттік қаржыландыру арқасында аман қалып тұр. Одан қағылғандары жабылып жатыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Қолдау шаралары аяғына дейін жеткізілмеді

Өткен жылы ел Үкіметі отандық журналистиканы қолдауға бағытталған бірқатар шараны қолға алды. Мысалы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әсіресе телеарналарға мол кіріс келтіретін сыра мен шарап жарнамасына рұқсат етуге бел буып, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жеке заң жобасын әзірледі. Алайда 21 желтоқсандағы жалпы отырысында Сенат депутаттары бұған қарсы шығып, Қазақстанда жасалған сыралардың және шараптың атаулары мен тауарлық белгілерін жарнамалауға қойылған ескі тыйымды жоюдан бас тартты.

Келесі қадам аясында Үкімет 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейінгі аралықта БАҚ қызметкерлерін салық төлеуден уақытша босатты. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2020 жылғы 2 шілдеде Салық кодексіне түзету енгізген жаңа заңға қол қойды. Оның алдында, 20 сәуірде ел Үкіметі №224 қаулысын қабылдаған болатын. Бұл құжаттарға сәйкес, телевизиялық бағдарламаларды жасаумен және трансляциялаумен, радио хабарларын таратумен, газет, журнал, мерзімді баспасөз өнімдерін басумен айналысатын мемлекеттік емес БАҚ жұмыскерлерінің табысына "0" коэффициенті қолданылды. Яғни, олар 6 ай бойы жалақыны еш салықсыз және жарнасыз, толық көлемде қолға алды. Сонымен бірге, сәуірден бері төленіп қойылған жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, МӘМС жарнасы, әлеуметтік сақтандыру аударымдары иесіне кері қайтарылды.  

Осы шара штаттағы журналистерді қомақты қолдау тәсіліне айналды. Әріптестерімізге МӘСҚ-тен, БЖЗҚ-дан, ӘМСҚ-тен, республикалық бюджеттен бұрын төленген салықтары, әлеуметтік жарналары мен аударымдары кері оралды. Осылайша, кейбір журналистердің қалтасына бірнеше жүз мың теңгеге дейін қосымша қаражат түсті. 

Бірақ осы қолдауы да жартыкеш шараға айналды. Біріншіден, бұл игіліктен штаттан тыс қызметкерлер қағылды. Ал бүгінде редакциялар мейлінше оңтайландырылып, журналистердің көбі азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде, аутсорсингте жұмыс істейтіні мәлім. Олардың бәрі Үкіметтің қамқорлығынан тыс қалды.

Екіншіден, шенеуніктердің үйлесімсіз ісі, оралымсыз бюрократия кесірінен осы ізгі шара кейбір ақпарат құралдары өкілдеріне керісінше, бәле болып жабысыпты.

Тоқаев қол қойған заңнан қордағылар хабарсыз

"НТК" ("Независимый Телевизионный Канал" ЖШС)  телеарнасының тілшісі Тамара Васильева жақында перзент сүйіп, қуанышқа бөленді. Содан ол 25 мамырда жүктілік және бала тууына байланысты демалысқа шығады. 31 мамырда тиісті "декреттік" жәрдемақы тағайындауы үшін құжаттарын тапсырады.  

"Өткен жылы төтенше жағдай және карантин кезеңінде БАҚ-тың экономикалық қызметін қолдау мақсатында арнайы заң қабылданып, ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбекақысы салық пен аударымдардан босатылғаны мәлім. Телеарналар былтыр осы жеңілдіктерді жаппай қолданды. Енді сол жеңілдікті қолдандың деп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Талдықорған бойынша филиалының қызметкерлері менің заңды құқығымды аяқасты етіп отыр. Олар жүктілік және босануға байланысты жәрдемақыны есептеу кезінде 2020 жылғы қыркүйектегі табысымды есептемей қойды. Салдарынан, орташа жалақы көлемі төмендеп кетті және жәрдемақы көлемі тиісті деңгейден әлдеқайда аз болып шықты", – деп қапаланады Тамара.

Яғни, Үкімет өзі берген мемқолдауды қолданғаны үшін журналистерді жазалап отыр.

"Ешбір заңда "0" коэффициентін қолданған журналистер екіқабат болса, сонысын кері қайтарсын деген талап жоқ. Ендеше әлеуметтік сақтандыру қорының, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлерінің заңды білмеуі, заңнаманы дұрыс түсінбеуі кесірінен неге біз өзімізге лайықты жәрдемақыдан қағылуымыз керек? Биліктен бұзылған құқығымды қалпына келтіруді талап етемін", – дейді тележурналист.

"Айқын-Литер" ЖШС қызметкері, үш баланың анасы Мәдина Қадырбек те осыған ұқсас проблемаға кезігіпті. Ол биылғы ақпаннан бері декреттік демалыста. Тиісті жәрдемақыны рәсімдеуге құжаттарын 2021 жылғы 23 ақпанда өткізген. Сондай-ақ сәуір айында 1 жылға дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақыға құжат тапсырған.

Бұл ретте былтыр "Айқын-Литер" ЖШС қызметкерлері де әлгі жеңілдіктерді пайдаланыпты. Басылым заң аясында өз журналистерінің табысын салықтар мен әлеуметтік аударымдардан босатты. Компания жеңілдікті қолдана алатын қызметкерлерінің толық тізімін msb.fms.kz сайтына енгізген. Бұған қоса, газет пен сайт журналистеріне "0" коэффициенті заңды қолданылғаны туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен растау хат алынған. Яғни, барлығы жасырын, жалған схемалармен емес, заңды түрде жасалып отыр.  

"Алайда жәрдемақы алу кезінде осыған бола қайшылықтар туындады. МӘСҚ-тегілердің айтуынша, "Айқын-Литерге" Салық кодексінің 354-бабы таралмайды, олар тіпті журналистерге мұндай жеңілдік берілгенінен мүлдем хабарсыз. Компанияның ондай жеңілдікті қолдануға құқығы жоқ, сондықтан компания қорға аударымдарды заңсыз төлемеген деп санайды. Міне, бірнеше айдан бері өзіме тиесілі декреттік жәрдемақыны рәсімдеуге талаптанып жүрмін, еш нәтиже шығар емес. Министрліктен де, МӘСҚ-тен де сырғытпа жауаптар келеді. Еңбек ведомствосының бірде-бір байланыс нөмірі жауап бермейді. Әлеуметтік сақтандыру қорына қоңырау шалып, жағдайды бірнеше рет түсіндірдім, бәрінің заң аясында жасалғанына назар аударттым. "Кешіріңіз, компанияңыз 6 ай бойы қорға жарна аудармаған, сізге жәрдемақы төлей алмаймыз" деп қысқа қайырады", – деп қамығады әріптесіміз.

Ақпарат құралдарының басына түскен ауыртпалық артпаса, жеңілдейтін түрі жоқ. Екі жылға созылған пандемия саланы қаусатып барады. Газеттер, ақпарат агенттіктері дәрменсіз жағдайға жетіп, алды жабылып та жатыр. Бұл жағдай жалғасса, Қазақстанның идеология майданы жауынгерсіз қалуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу